Қарағанды: Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай айтулы шара өтті
Ер есімі ел есінде! Қарағандыда аты аңызға айналған айбынды батыр Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай айтулы шара өтті. Қаладағы әскери бөлімдердің бірінде Ұлы Отан соғысы кезінде шешуші оқиғалардың бірі болған Мәскеу түбіндегі Крюков шайқасының театрландырылған көрінісі ұйымдастырылды. Осы сұрапыл шайқаста елдімекенді неміс басқыншыларынан Бауыржан Момышұлы бастаған 1073 атқыштар полкінің азат еткені тарихымыздан мәлім.
Автор: Данияр Мұратбаев
22.12.2010
Сол бір сұрапыл шайқас келмеске кетсе де, шараға қатысушылардың бүгінгі дайындықтары жауды күткен Қызыл әскердің ұрыс алдындағы әзірліктерінен кем емес. Үскірік аязға қарамастан, барлығы ширыққан түрде театрландырылған көріністі бір сәтке ұмытып, алға көз тіккен. Рөлдерді сомдағандар арасында тіпті облыстық Мәслихат депутаттары да бар.
Төлеген Әшімов, Қызыл әскер жауынгерін сомдаушы, облыстық Мәслихат депутаты:
- Аяз деген қатайып келеді, осы аязда немістер қырылады. Мәскеудің аязына шыдап, немісті жеңеміз деп ойлаймын.
Міне, алыстан мұнартып неміс танкілері мен оларды бетке ала қозғалған жаяу әскер көрінді. Атыс басталды. Әскери сынақ алаңы майдан даласына айналған. Ақыры батыр Бауыржан бастаған қызыл әскердің тегеурінді тойтарысына шыдай алмаған неміс басқыншыларының тұмсығы тасқа соғылды. Көп кешікпей, қоян-қолтық ұрыс та басталып кетті.
Кері айнала қашқан жауды қуғандардың арасында полк командирі Бауыржан Момышұлы мен генерал Панфилов та бар. Бір өкініштісі, қазақтың мақтанышына айналған біртуар батырды сомдаған жігіт ана тілімізге шорқақ болып шықты.
Талғат Құрқымбаев, Бауыржан Момышұлының рөлін сомдаушы:
- Я очень похож на Бауыржана Момышулы, поэтому выбрали. Нет, я не говорю по-казахски...
Крюков елдімекенінің жанында қырылған неміс жауынгерлерінің денелері шашылып жатыр. Қызыл әскер “уралап” батысқа бет алды. Бұл - бүгінгі театрландырылған көріністің соңғы бөлігі.
Мейрамбек Смайылов, неміс жауынгерін сомдаушы:
- Бастысы - Бауыржан бабамызды еске алу. Біз немісті сомдағаннан неміс боп қалмаймыз. Мақсатымыз - киноны жақсылап өткізіп, жақсылап атқару.
Театрландырылған көрініс көрермендерге үлкен әсер қалдырды. Шараның мақсаты да сол бір сұрапыл кездегі қазақ сарбаздарынан құралған №1073 атқыштар полкінің ерлігін кейінгі ұрпаққа паш ету болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!