Еліміздің бірталай өңірілерін қатты аяз қыспаққа алуда
Еліміздің шығысы мен солтүстігіндегі үскірік аяздың беті қайтар емес. Күн райының қолайсыздығына байланысты республикалық жолдар жабылып, оқушылар оқудан босатылды. Төтенше жағдайлар қызметі мен жол сақшылары да қауіпсіздік шараларын күшейтті. Әзірге ең төмен температура Павлодар облысында тіркелді. Бұл өңірде сынап бағанасы бүгін минус 35 градусты көрсетіп тұр. Ал Солтүстік Қазақстан облысының коммуналдық қызметі үскірік аязға мүлдем дайын болмай шықты.
Автор: ЭльмираАхметова, Гүлмира Тасболатқызы, Айжан Әлібек, Айзат Тұрғынбекқызы
22.12.2010
Солтүстік Қазақстан облысында үскірік аяздың тұрғанына үшінші тәулік. Петропавлдық мектеп оқушылары осы уақыттан бері мәжбүрлі демалыста жүр. Сынап бағанасының күрт төмендеуіне қаланың коммуналдық қызметі де дайын болмай шықты. Ең алдымен қала ішіндегі электр желілері суыққа шыдамай үзіліп, троллейбустар тоқтап қалған. Бұл аз болғандай, тұрғындар көгілдір отыннан қағылды. Сапасыз газ құбырда қатып қалғандықтан, көпқабатты үйлерге көтерілмей жатыр.
Павлодар және Көкшетау қалаларындағы оқушылар да кестеден тыс демалысқа шықты. Өңірде сынап бағанасы минус 32, кей жерде минус 35 градусқа дейін төмендегендіктен, білім бөліміндегілер сабақты тоқтатуға мәжбүр болды. Синоптиктердің болжамынша, бұл аймақтарда алдағы уақытта аяз одан сайын күшейіп, ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Ғалия Зәкірова, Көкшетау қаласындағы №8 орта мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:
- Бүгін қалада 1-9 сыныпқа дейін сабақтар тоқтатылды. Ауаның температурасы -31 градус. Енді келесі тәуліктерде ауа-райы одан да суытады деп айтып жатыр, синоптиктер. Сондықтан ертең қалай болатынын білмейміз.
Семейде қолайсыз ауа-райы салдарынан жолдағы көктайғақтан жиі зардап шегетін пошта қызметкерлері жаңа әдіске көшіпті. Енді олар тайғанамас үшін етіктерінің сыртынан темір табан киеді екен.
Рая Қияқбаева, пошта қызметкері:
- Бұрын көк мұзда тайғанап құлай беретінбіз. Қазір жақсы болды.
Ал Шығыс Қазақстан облысында үш тәулік ішінде бір жарым айлық қар мөлшері түскен. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, бұл әсіресе таулы аймақтардағы жағдайды қиындатып жіберген. Өңірде төрт бірдей қар көшкіні жүріп, құтқарушылар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.
Евгений Шатурный, ШҚО ТЖД ақпараттық-талдау бөлімінің бастығы:
- Осиновск өткелінде өздігінен төрт жерден көшкін жүріп, 500 текше метрге жуық қар жиналды. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Қазір жолдар тазартылып жатыр.
Қазір облыста көшкіннің алдын алу үшін қар түсіру жұмыстары басталып кетті. Бүгін осы шараға байланысты Өскемен-Зырян бағытындағы жол қатынасы жабылды. Жалпы, аймақта қар көшкіні болуы мүмкін 300-ден астам орын бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!