Астанада құрылысшылар мен үлес құрылыспен үй алған тұрғындар наразылық білдіруде
Астанада құрылысшылар мен үлес құрылыспен үй алған тұрғындар наразылық білдіруде. Мемлекеттік бағдарлама бойынша үй тұрғызып жатқан жұмысшылар алты айдан бері жалақы көрмеген. Ал үлескерлер алған пәтерлерінің сапасыз екендігін айтып, «салған ақшамыз желге ұшты» деп даурығуда.
Автор: Ғабит Ұзақбай
24.12.2010
Құрылысшылардың талай жерден әбден ауыздары күйген. Бірақ үйлер мемлекеттік бағдарлама бойынша салынады деген соң ғана сенім артып, осында жұмыс істеуге келіпті. “Әдепкіде еңбекақымызды уақтылы алып жүргенімізбен, кейін мүлдем ақша кормедік. «Ромул» құрылыс компаниясының тек құрғақ уәдесін ғана қорек етіп, бірнеше айдан бері айлығымызды ала алмай келеміз», - дейді құрылысшылар.
Сағым Түзелбаев, құрылысшы:
- Бізге қарыздары 5 млн теңге. Бала-шағамызды немен асырайтынымызды білмейміз.
Амангелді Орақбаев, құрылысшы:
- Нақты айтпайды, жүгіртіп қояды, пәтерге төлеу керек, ауылға жіберу керек, сол жүрміз, ақшаны күтіп.
Жұмысшылардың айлықтарын не себепті бермей жатқандығын анықтау үшін «Ромул» құрылыс компаниясының кеңсесіне бардық. Бірақ мықтап жабылған темір есік ешкіммен тілдестірмеді.
Бұл - «Гармония» тұрғын-үй кешенінің үлескерлері. Ақшаларын толық төлеп қойса да, құрылысы біраз уақытқа кешігіп аяқталған үйлерінің кілттерін енді ғана алды. Бірақ кілтті тапсырса да, берілген үйге «көңіліміз толмайды» дейді. Электр желілері, кәріз құбырларының айналасы ашық қалған. «Құрылыс компаниясы өз міндетін толық орындамай отыр», - дейді, ашынған үлескерлер.
Жанна Жұбандықова, үлескер:
- Жарық жоқ, су да жоқ. Соның бәрі шешілмеген. Тек қана жылу бердік деп, кілт беруге бола ма екен?!
Сағадат Мұқанов, үлескер:
- Қалған жұмыс 2-3 айға ғана. Шыдауға болады ғой, 2-3 айға. Үйді толық бітіруге ақшалары жоқ болса, неменеге кілт табыстайды?!
«Гармония» тұрғын үйіне жауапты «ҚазСтройИнвест» құрылыс компаниясының заңгері де бейнекамера алдында жауап беруден бас тартты. Бірақ, «2011 жылдың наурыз айына дейін өз міндеттерімізді толық орындаймыз» деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары