Қырғызстан: Барыс жылындағы дүрбелеңдер
Бауырлас қырғыз елінде әрбір 5 жыл сайын дүрбелең болып, билік ауысу әдетке айналып бара жатқандай. Биыл да айыр қалпақты ағайынның берекесі кетті. Яғни, осыдан тура бес жыл бұрын билікті А.Ақаевтан тартып алған Бәкиевтің басына да дәл сондай күн туды. Ол да қырғыз елінің алғашқы президенті сияқты балалары мен бауырларын жинап, елден тайып тұрды. Айыр қалпақты ағайын сәуірдегі төңкерістен кейін араға 8 ай салып, саяси дағдарыстан құтылғандай болып, Парламент сайлауын өткізіп, үкімет жетекшісін бекітті. Бірақ осы әдетке айналған бүліктен қара халық көп зардап шеккенін көрдік. Оппозиция...
Автор: Дастан Шымырбай
28.12.2010
н биліктің қолшоқпарына айналған тұрғындар бір-бірімен қырқысты, биліктің әскеріне қарсы келді. Соның салдарынан 100-ге тарта адам көз жұмды. Оның арасында Бішкекке барыс-келісі көп кейбір отындастарымыз да болды. Сондай-ақ, көрші елдің Ош және Жалалабад облыстарында ұлтаралық наразылық тіркелді. Одан жүздеген адам көз жұмса, жүз мыңдап босып, азаматтық соғыс тіркеле жаздады.
Көктем мезгілін «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» дейміз. Биыл сәуір айында қырғыздың 5 жылға жеткен төзімі тағы үзілді. Айдың алғашқы аптасында-ақ Талас облысында жаппай тәртіпсіздік басталып, бірден бұрқ еткен бүлік тәулік ішінде Бішкектің орталығына жетті. Ақаевты елден аластағанша тынбаған көпшілік бұл жолы да қырғынның ортасынан табылды.
Үкімет үйі мен Президент резиденциясын қорғаған жасақ пен наразы топ арасындағы қақтығыс ұзаққа созылды. Әскерилер басында шерушілерге қарсы ауыр техника қолданып, оқ жаудырғанымен, оппозиция жақтастарына қарсы тұра алмады. Осы қақтығыстан 84 адам көз жұмса, мыңға тарта тұрғын ауыр жараланған. Бұл тартыстан кездейсоқ бір отандасымыз да қаза тапты.
Бішкек қаласының тұрғыны:
- Халыққа оқ атпау керек еді. Бейбіт түрде келісім жасау керек еді. Бұл басты қателік болды деп ойлайымын. Мынау сұмдық қой! Мен бұл елде тұруға қорқамын.
Топтасқан бүлікшілер Үкімет үйі мен Президенттің резиденциясын басып алғанда, Құрманбек Бәкиев туған жерінде жақтастарының арасында жасырынып отырған. “Бақа да батпағында батыр” дегендей, Бәкиев бүлікті ұйымдастырған оппозициямен бір аптаға жуық қарсыласып отырды.
Құрманбек Бәкиев, Қырғыз Республикасының Президенті (9 сәуір, 2010):
- Елдегі жағдай бұлай ушығады деп ойлаған жоқпын. Дегенмен өз-өздерін тағайындап алып, Уақытша үкіметпіз деп жүргендер келіссөз жүргізуге ниет білдірсе, олардың талап-тілектерін тыңдауға дайынмын. Мұндай жаппай тәртіпсіздіктің жақсылыққа апармайтыны сөзсіз. Азамат соғысы бола қоймас, бірақ қазірдің өзінде белгілі бір межеде халық екіге жарылған. Мұны дереу тоқтату керек.
Дегенмен азамат соғысы бола жаздады. Қырғыздар ауыл-ауылға бөлініп, бірі биліктен қуылған Бәкиевті, бірі сол кезде пайда болғанУақытша үкіметті жақтап тартысты. Жағдай ушыға бастағанда, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған қазақ елінің басшылығы қарап қала алмады. Бақылаудан кеткен қырғыздың басшысы Бәкиевпен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тілкелей тілдесіп, оны елден кетуге үгіттеді. Тікұшақ жіберіп, Таразға алдыртты, биліктен бас тарту туралы тілімдей хат жазғызды. Мәжбүрлікпен емес, келіссөзбен көндірді. Есесіне бұл көрші елдің оңтүстігі мен солтүстігі арасындағы қақтығыстың алдын алды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Болған жағдайды бәріңіз естідіңіздер. Менің күндіз-түні жүргізген келіссөздерімің арқасында екі елдің арасыдағы қақтығыс одан әрі болмасын деп, кісі өлімі болмасын деп, қырғыз халқы тынышталсын деп, Бәкиевті біз Қазақстанның ұшағымен Қырғызстаннан алып шықтық. Мәселе Президентте, не басшысында емес, мәселе - халықта, бізге бауыр халықта. Жағдайлары қазір мүшкіл.
Осы тұста Уақытша үкімет басына Роза Отунбаева бастаған топ келген еді. Олар тағынан тайдырылған Президентпен ешқандай мәміле жасалмайтынын мәлімдеді.
Роза Отунбаева, Қырғыз Республикасының Президенті (16 сәуір, 2010):
- Бәкиев әлемнің қай түкпіріне жасырынса да, қырғыз жұртының заңы алдында жауап береді. Елден кете алмай қалған Бәкиевтің туған-туыстары мен жақтастары да заңсыз әрекеттері үшін жазаланатын болады.
Құрманбек Бәкиев елімізге аз аялдап, Белоруссияға жол тартты. Минскіде жатып та, бірнеше рет мінез көрсеткенімен, бүгінде әбден тынышталған сыңайы бар. Оның бірнеше туысы «елде жаппай қырғынға жол берді» деген айыппен жауапқа тартылса, негізгі міндеттерді атқарған жақын бауырлары мен балалары да шет елдерде әлі күнге дейін бой тасалап жүр. Бірақ бұл жағдайдан зардап шеккен көпшілік үрейден арылар емес.
Бішкек қаласының тұрғыны:
-Қырғызстан еліне қиын болды, әр бес жыл сайын осындай дүрбелең. Енді тағы да үшінші мәрте қайталанғанын қаламаймын.
Қырғыздар араға екі ай салып, тағы бүлікке шықты. Бұл жолы Ош пен Жалалабад облысында көп шоғырланған этникалық өзбектер мен жергілікті қырғыздар қырқысты. Осы қырғыннан қаза тапқандардың саны туралы алып-қашпа әңгіме көп. Бірақ ресми мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 190-нан асқан. Тағы із-түзсіз кеткендердің саны 150-ге жуық. Бұдан бөлек екі жарым мың адам әртүрлі деңгейде зардап шекті. Әсіресе аталмыш қақтығыстан үрейленген тұрғындар жаппай Өзбекстан шекарасына қарай босып кетті.
Ресми Ташкент шекара маңында тұрғызылған уақытша қосындарға 75 мыңға жуық босқынды орналастырды. Жалпы, жаппай бейберекетсіздік әрекеті бойынша ІІМ төрт жарым мың қылмыстық іс қозғапты. Оның басым көпшілігі адам өлтіру мен ұрлыққа қатысты. Ал билік бүгінде қайтадан ес жия бастағандай. Жазда жалпыұлттық референдум болды, Парламент сайлауы өтті, жақында әупірімдеп жүріп Үкімет жасақталды. Қазан айынан бері бір мәмілеге келе алмаған депутаттар 20 желтоқсанда жаңа атқарушы билікті құрды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары