Шымкент: түрмеге есірткі мен ішімдік кіргізбек болғандардың бірнеше әрекеті әшкереленді
Шымкентте жаңажылдық мереке жақындаған сайын жазасын өтеушілерге заңсыз “сыйлық” жасағысы келетіндер көбейіп барады. Екі күннің ішінде қаладағы түзеу мекемелеріне есірткі мен спирттік ішімдік кіргізбек болғандардың бірнеше әрекеті әшкереленді. Қолға түскен олжа – 5 келі героин мен 70 литрдей спирттік ішімдік! Мұндай дерек жыл басынан бері тіркелмеген.
Автор: Бекжігіт Мәуленов
28.12.2010
Алғашқы оқиға өткен демалыста тіркелді. Түнгі сағат 2 шамасында “Жигули” мінген үш жігіт Шымкенттегі 167/2 қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінің жанына тоқтаған. Күзет қызметін көріп, қашпақ болған олар көліктерімен көше бойындағы бағанға барып соғылған. Оларды тінту кезінде 662 граммнан астам марихуана мен 80 граммға жуық героин табылды. Ал көлік іші спирттік ішімдікке толы екен.
Садырғали Керімбеков, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті ОҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары:
- Ірі мөлшерде болған соң, бір адамға емес, ішке алып өтпекші болды. Даладан осы заттарды тартып, өздеріне бір мейрам жасағысы келді деп ойлаймын.
Ал араға екі күн салып, қаладағы тағы бір түрмедегі жазасын өтеушілер “жаңажылдық “сыйлығынан” қағылды. Бұл жолы 167/3 мекемесінің маңында 21 мен 22 жастағы екі азамат бес келіге жуық героин мен 50 литрдей спирттік ішімдікті абақты қоршауынын асырып, ішке лақтырмақ болған. Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері жаңажылдық мереке жақындаған сайын қаладағы абақтыларға тыйым салынған заттарды өткізгісі келгендер қарасы көбейгенін айтады.
Тыйым салынған заттардың түрмеге еніп кетуін болдырмау үшін сыртқа арнайы күзет қойылған. Алайда бұл жеткіліксіз. Мекеме басшыларының айтуынша, жапсарлас жатқан тұрғын үйлерден көп кедергі келеді екен. Оның ауласына енген азаматтар қолындағы заттарын абақтының қоршауы арқылы ішке оңай асырады екен.
Бұл үйлер түрме маңындағы ашық аумақ туралы ереже қабылданғанға дейін салынған. Оған сәйкес, кез-келген нысан түрме дуалынан 50 метр қашықта орналасуы тиіс. Түзеу мекемесі басшыларының айтуынша, үй иелері өз қызметтері үшін ақша алатын көрінеді.
Болат Байтөлешев, ИЧ 167/2 мекемесі бастығының тәртіп және жедел істер жөніндегі орынбасары:
- Біз өзіміз жедел іздестіру шараларын өткіздік, азаматтық үлгідегі киім киіп алып келген кезде, бізге “мың теңге берсеңдер, лақтыра беріңдер. Мың теңге болмаса, тақтырмайсыңдар” деді. Жапсарлас орналасқан үйдің тұрғындары бұны бизнеске айналдырып алған.
Жалпы жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысындағы түрмелерге заңсыз зат алып өтпек болған 15 адам ұсталған. Олардан он шақты өткір зат, 600-дей ұялы телефон, бір жарым миллион теңге ақша тәркіленіпті. Ал қолға түскен есірткі мөлшері бес келіден асады. Аталмыш әрекеттерді болдырмау үшін жаңа жылдан бастап, барлық түзеу мекемелеріне бейнебақылау қондырғылары орнатылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!