Петропавл: кәсіпкер әйелдердің арасындағы дау қызыл төбелеске айналды
Петропавлда екі кәсіпкер әйелдің арасындағы дау қып-қызыл төбелеспен аяқталды. Кейін анықталғандай, бұл жағдайға қарапайым қоқыс жәшігі себеп болыпты. Дәмхана иесі өзіне тиесілі контейнерге көршілес дүкендегілердің қоқыс лақтыратынын біліп, бұл мәселені жұдырықтың көмегімен шешуді ұйғарған.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
28.12.2010
Әйелдер арасындағы төбелес дүкендегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Онда дәмхана иесінің күйеуімен бірге дүкенге келіп, жанжал шығарғаны анық көрініп тұр. Олар басқа біреулер үшін қоқысқа ақша төлемейтіндігін айтып, қоқаң-лоққы көрсеткен. Сөзден сөз шығып, ақыры жұдырықтасумен аяқталған. Екі әйел бір-бірінің шашын жұлып жатқанда, дәмхана иесі сөренің арғы бетінде тұрған сатушыға тап берген. Төбелесті өз көзімен көрген сатып алушылар енді сотқа куәгер ретінде шақырылуы мүмкін. Екі кәсіпкер әйел бір-біріне полицияға арыз жазыпты.
Қарлығаш Молдағалиева, сатушы:
- Сыныққа сылтау. Қоқыс жағалап жүргені сылтау емес пе, бізбен ұрысу үшін, әйтпесе кәсіпкер адам қоқыс жәшіктерін жағалап жүре ме?!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!