Ақтөбе: соңғы екі күн ішінде көктайғақтан жүзден астам адам зардап шекті
Ақтөбеде соңғы екі тәулік ішінде көк тайғақтан жүзден астам адам зардап шекті. Қалада екі күн бұрын жауған жаңбырдан соң күн күрт суытып, жердің бетіне мұз қатып қалған. Қазір облыстық ауруханада түрлі жарақаттарымен түскендерге орын жетпей жатыр. Ал жергілікті комуналдық мекемелер жолдарға тұз бен құм сеуіп әлек.
Автор: Жаңалық Ахаш
28.12.2010
Ақтөбе қаласы мұз айдынына айналды. Өткен күндері жауған жаңбырдан соң қаланың барлық жері көктайғақ болып қалған еді. Енді көше бойында сырғанақ тебуге де болады. Тек сүрініп кетіп, майып болмаңыз.
Қазір облыстық аурухананың сынықшы дәрігерлері күндіз-түні жұмыс істеуде. Себебі соңғы екі тәулікте көк мұзға жығылып, зардап шеккендердің саны күрт өскен. Көпшілігінің аяқ-қолдары сынған. Ауруханадағы 60 керуеттік травматология бөлімінде қазір жүзге тарта адам жатыр. Орынның жоқтығынан дәрігерлер науқастарға гипс салып, үйлеріне қайтаруға мәжбүр.
Нұрлан Әбішев, Ақтөбе облыстық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Орын жетіспей жатыр, сондықтан науқастарды басқа бөлімшелерге жатқызып жатырмыз. Жеңіл жарақат алғандарды травматология пунктінде алғашқы көмек көрсетіп, іріктеп, ауыр жарақат алғандарды өз бөлімімізге жатқызамыз.
Жергілікті комуналдық мекемелер жолдарды тазартқанның орнына, көшелерге тек тұз бен құм сеуіп жатыр. Оның өзі Ақтөбенің орталық даңғылы мен саябақтағы тротурарларға жеткен. Ал аялдамалар мен өзге көшелер әлі көк мұз. Тұрғындар: «Көктайғақтан көшеге шығуға қорқамыз» - дейді.
- Жолмен жүру қауіпті болып тұр. Кеше қызым құлап, қолын сындырып алды.
- Тайып, құлап жатыр ғой. Тайғанақтап, әрең келе жатырмыз. Ертеде тротоуарға құм себетін еді, қазір сеппейді.
Қазір қаладағы жеке кәсіпорындар тұрмақ, орта мектеп аулалары да мұз айдынына айналған. Бірақ комуналдық мекемелер бұл жерлерге құм себуден бас тартып отыр. Олардың айтуынша, әрбір мекеме қызметкерлері мен көпқабатты үй тұрғындары аулаларын өздері мұздан аршуы керек. «Ал көше бойындағы тротуарларға себілген құмды жауын шайып кетті» - деп ақталды шенеуніктер.
Оралбек Құсайынов, Ақтөбе қалалық комуналдық шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары:
-Мектептің ішкі аумағындағы аулаларды КСК өздері құм сеуіп жасау керек. Осындай жағдай болып тұр, ауа-райының салдарынан. Бір күн жаңбыр болса, екінші күні аяз. Шайып кетіп жатыр.
Ауа райын болжаушылар: «Алдағы күндері Ақтөбеде жаңбыр жауып, арты үскірік аязға ұласады», - дейді. Сондықтан көктайғақтан зардап шеккендер саны алдағы тәуліктерде тағы бірнеше есеге өсуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!