Семейде референдум өткізу жөнінде қол жинау басталды
Референдум жайындағы бастаманы жүзеге асыру мақсатында бастамашыл топ іске белсене кірісіп кетті. Олардың мәліметінше, бір ғана тәулік ішінде ел бойынша 140 мыңнан астам қол жиналды.
Автор: Бекзат Жүсіп
28.12.2010
Естеріңізге сала кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдум өткізуге байланысты науқан өткен аптада басталған. Осыған қатысты құрылған бастамашыл топтың арызын кеше Орталық сайлау комиссиясы бірауыздан мақұлдап, тіркеді. Енді талап бойынша, белсенділер олардың ұсынысын қолдайтын азаматтардың кемінде 200 мың қолын жинау керек. Бір күннің ішінде бұл меженің жартысынан астамы жиналып та қойды. Бастамашылар мұнымен шектелмей, алдағы мереке күндері қолдаушылардың санын 2 миллионға дейін жеткіземіз деп отыр.
Ерлан Сыдықов, референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі:
- Басқа ұлттың өкілдері, басқа мемлекеттің азаматтары қол қойғылары келіп бізбен хабарласып жүргеніне біз қатты қуандық. өкінішке қарай, олар заң бойынша қол қоюға құқысы жоқ. Бірақ ниетіне біз үлкен алғыс білдірдік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!