Қорытынды: 2010 жылы Қазақстан түрмелерінде орын алған оқиғалар
Биыл бүліктің түрлі жанрдағы көріністері еліміздегі түрмелерде көп тіркелді. Оның алғашқысы Қарағанды облысында болды, яғни сотталушылар күзетшілерден жәбірленетінін айтып, жалған “кино” түсірді. Бұл оқиғаның ізін ала, Ақтаудағы тәртіп колониясында ауыр қылмыс жасағаны үшін қамалған 21 сотталушы қашты. Аталмыш жағдайдан кейін-ақ өңірдегі барлық түрме қатаң бақылауға алынса да, жыл соңына дейін сотталушылардың тағы осындай түрлі “еркелігіне” куә болдық. Жыл бойы болған түрмедегі тәртіпсіздіктің тізіміне тілшіміз Бекжігіт Мәуленов үңіліп көрді.
Автор: Бекжігіт Мәуленов
29.12.2010
Маусым айының басында ғаламторда бейнекөрініс пайда болды. Түрме күзетшісінің киіміндегі адамның сотталған азаматты сабап жатқанын бейнелейтін көрініс Қарағанды облысында орналасқан АК-159/6 түрмесінде түсірілген. Оны ғаламторға шығарған құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің айтуынша, абақты қызметкерлерінің қамаудағыларға қоқан-лоққы көрсетуі үйреншікті нәрсе.
Вадим Курамшин, құқық қорғаушы:
- Бейнекөріністе түрме қызметкері серуендеуге арналған жерде қамаудағы Евгений Караушты таяқпен ұрып жатыр. Ол өзінің азаматтық құқығын қорғаймын деп, құзырлы органдарға хат жолдамақ болғаны үшін таяқ жеді.
Бейнекөріністі көргенде қылмыстық атқару жүйесі комитеті Қарағанды облысы бойынша басқармасының бастығы ә дегеннен-ақ «әдейі жасалған қойылым» деді.
Қабдырахман Шотаев, ҚР Қылмыстық-атқару жүйесі Қарағанды облысы бойынша басқармасының бастығы:
- Бұл - әдейі жасалған қойылым. Мұндай болуы мүмкін емес! Мен бүге-шігесіне дейін тексерем.
Тексерілді. Бұл шағын «киноны» әбден зерттеген прокурорлар кадрды тоқтатқанда, таяқ жеп жатқан сотталушының жымиып тұрғанын көріпті. Түрме қызметкерінің формасы да күдік туғызған. Сөйтіп, бұл бейнекөрініс «қолдан ұйымдастырылған қойылым» деп танылды. Түзеу мекемесінде бейнеролик түсірген бес сотталушы мен оларға көмектескен түрме күзетшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Маусым айының соңына таман Ақтаудағы қатаң тәртіптегі түрмеде болған жағдай елді дүр сілкіндірді. Портты қалада орналасқан қатаң тәртіптегі №172/1 колониясынан 21 тұтқын қашып шықты. Ескертпеге құлақ аспай, қашпақ болған бірнеше тұтқынды күзетшілер сол жерде атып тастапты. Сырттан шабуыл жасаған қарулы топ күзетшілерге оқ жаудырып, мұнара басында күзетте тұрған сақшыны ауыр жаралаған.
Қуанышбек Жұманов, ҚР ІІМ баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Сотталғандар аталмыш әрекетке жарты жыл бойы дайындалған. Оқиға орнынан қару-жарақ, ұялы байланыс құралдары, азық-түлік, компас және 3,5 млн. теңгеден астам ақша тәркіленді.
Қашқындардың сегізі бірден ұсталды. Ал қалған 13 қылмыскердің соңынан іздеу жұмыстары бес тәулікке жалғасты. Ақырында оларды Ақтаудан жүз шақырымдай қашықтықтағы Шетпе ауылына жақын жердегі Қызылсай шатқалынан тапты. Жасырынған 17 адамның 13-і сотталғандар болса, қалған төртеуі - оларға көмектескендер. Аталмыш оқиғаға қатысты Облыстық қылмыстық атқару жүйесі мен колония басшылары жауапқа тартылған еді. Бір емес, 21 қылмыскердің жарты жыл бойы темір тордан қашуға дайындалып жатқанын байқамаған түрме бастығы Мұхит Жанахметов – 5 жылға, ал оның орынбасары Шаяхмет Халменов 4 жылға бас бостандығынан айрылды.
Аталмыш іс бойынша сот тағы екі адамды кінәлі деп тапты. Олар - түрме кезекшісінің көмекшісі болған Мұхтар Нұрсейітов пен жедел-іс қимыл бөлімінің бастығы Төлеген Ысқақов. Екеуі де 3 жылға қамалды. Айта кеткен жөн, төтенше жағдайдан кейін еліміздің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Мейрам Аюбаев өзінің екі орынбасарымен бірге қызметінен кеткен болатын.
Ақмола облысының Гранитный елдімекеніндегі ЕЦ-166/25 жалпы тәртіптегі еңбекпен түзеу колониясында да бүлік шықты. Колония талаптарына бағынғысы келмегендерді тәртіпке шақыру үшін түрме аумағына Ішкі әскер мен арнайы техника енгізуге тура келді. Бейберекетсіздік салдарынан екі адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланды.
Болат Абдулов, Ақмола облысының прокуроры:
- Әрине, егер жұмыстардың барлығы дұрыс атқарылатын болса, біз ойлаймыз, мұндай оқиға болмас еді.
Ия, бәрі дұрыс атқарылса, жағдай ушықпайды. Мәселен Шымкенттегідей. Шым қалада жазасын өтеушілер түрмеге тек түнеу үшін келетін көрінеді. Қаржы полициясының қызметкерлері 167/3 түзеу колониясында жазасын өтеуі тиіс болған екі қылмыскерді қала көшелерінде емін-еркін жүрген жерінен ұстап алды.
Әбілқасым Жорабеков, ОҚО бойынша Қаржы полициясы департаменті тергеу басқармасының бастығы:
- Тексеруіміз бойынша, олар сағат 12-де шығып, үйіне барған. Бірақ әр сағат сайын мекеме басшылары тарапынан сол аумақта жүр деп белгіленіп отырған.
Ол аз болғандай, Шымкентте ауыр қылмыс жасаған адам түрмеде отырудың орнына көше кезіп, тағы ауыр қылмысқа ұрынды. Жақсы тәртібімен көзге түскені үшін 167/10 қоныс колониясына аударылып, сонда жазасын өтеп жатқан 27 жастағы азаматты 26 қазан күні колония басшылығы түнгі ауысымдағы жұмысқа жіберген. Ал оның жұмыс орнына барған-бармағанын ешкім тексермеген. Осыны пайдаланған сотталушы Ердос Жүсіпов қаладағы кафелердің бірінде таңға дейін көңіл көтерген. Одан шығып, көшеде кетіп бара жатқан екі әйелді зорлаған.
Ердос Жүсіпов, күдікті:
- Жоқ, жасырып отырғам жоқ. Мастықпен осылай болып қалды. Кінәлімін.
Шымкентегі осындай оқиғалардың арты бұрын-соңды болмаған дауға ұласуы мүмкін еді. Алайда Ақтаудағы жағдайдан кейін еліміздің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Мейрам Аюбаевтың отставкаға кетуін қанағат тұтты ма, Оңтүстік Қазақстан облысында жоғары лауазымды тұлғалардың ешқайсысына «таяқ тимеді».
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!