ОҚО: Көксарай су реттегішінің құрылысы аяқталды
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Көксарай су реттегішінің құрылысы толық аяқталды. Небәрі екі жарым жылда салынып біткен нысан қаңтар айының сонында толық ауқымда су қабылдай бастайды. “Ғасыр жобасы” атанған су реттегіш Сыр өзені бойындағы көптеген елдімекенді тасқыннан қорғайды. Құрылысы аяқталған маңызды нысанның өзге де тиімді тұстарын Бекжігіт Мәуленов тарқатып айтады.
Автор: Бекжігіт Мәуленов
30.12.2010
Кеңес Одағы тарағаннан бері Арал-Сырдария бассейніндегі өзендерді әр мемлекет өз қалауынша пайдалана бастады. Әрі көрші мемлекеттердің мүддесі ескеріле бермейтін. Соның салдарынан Сырдан сусындап отырған Қазақстанның оңтүстігіндегі шаруалар жазда суармалы судан тапшылық көрсе, қыс пен көктем айларында өзен жағасындағы жұртшылық тасқыннан қауіптенетін.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті (18 наурыз, 2010):
- Халық әрдайым көктем жақындаған сайын қобалжып отыратын. Сондықтан Көксарай су қоймасы осы жылдардың ішіндегі Оңтүстік Қазақстанда да, Қазақстанда да ең үлкен су құрылысы болып саналады. Соны дағдарысқа қарамай, ақша бөліп, мемлекет шешті.
Су реттегішінің құрылысына мемлекеттен 52 млрд. теңге бөлініп, екі жарым жылдың ішінде далада көл пайда болды. Соның арқасында Сырдың төменгі ағысындағы суармалы жердің аумағы 300 мың гектарға ұлғаймақ. 45 шақырым жерді алып жатқан бөгет бүгінде соңғы сынақтан өтуде. Қаңтар айының соңында мұнда қажетті су мөлшері жинала бастайды.
Тоқтарбек Баймолдаев, “Қазселденқорғау” басқармасының директоры:
- Суды секундына 500 текше метрден қабылдай бастайды. Содан кейін 64 күннің ішінде су қоймасына 3 млрд текше метр су жинайды.
Жиналған су жазда егістікті суаруға жіберілсе, су тартылғанда реттегіш маңы жайылымға айналады. Оған қоса, арнасы кеуіп бара жатқан Аралға жіберілетін ылғал мөлшері де көбейе түспек.
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Суармалы жерлердің біразында ирригациялық жүйені қалпына келтіру қажет. Қазір насос станциясы салынып жатыр. Ол суармалы егістікті дамытуға үлкен сеп болмақ. Жиналатын су мөлшері Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарын сумен қамтамасыз етуге толық жетеді.
Көксарай су реттегіші Президенттің елді индустриализациялау бағдарламасы аясында салынып біткен алғашқы жобаның бірі. Келесі жылы аталмыш нысанға баратын жаңа көлік жолын салу жоспарланып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!