Алматы: саябақтарға 100-ден астам құс ұясы орнатылды
Автор: Меруерт Бауыржанқызы
01.04.2011
“Құстарды ұясыз қалдырмайық!” Алматыда жас натуралистер мен экологтар мектеп оқушыларымен бірігіп, осындай тақырыпта құстардың халықаралық күнін атап өтті. Табиғат жанашырлары 100-ден астам ұя жасап, Орталық мәдениет және демалыс саябағына орнатқан.
Оқушылар жыл құстарын қарсы алуға қыстай дайындалған екен. Бір-бірден ұя жасап әкеліпті. Әрқайсы әр түрлі құсқа арналған. Ұялар сырттай қарапайым көрінгенімен, оны жасаудың да белгілі ережелері бар.
Зарина Сауранбай:
- Ұяны ешқандай да қызыл етіп салуға болмайды. Өйткені қызыл түске құстар ешқашан жақындамайды,түс оларды қорқытады. Ұяның кіретін тесігін де кішірек етіп жасау керек.
Алуа Базенова:
- Құстарға толы бақ. Көмек көрсету үшін өзіміз осылай жасадық. Оны ағашқа іліп, қаттылап байлау керек, жел соққанда берік тұру керек. Жоғарғы жақтан қатты тартып буу керек.
Кезінде Алатау бөктерін 150-ден аса құс түрі мекен еткен. Алайда құстардың саны қала ауасының ластанып, ағаштардың жаппай шабылуынан жыл сайын азайып бара жатыр. «Құстардың негізгі азығы саналатын – зиянкестер де көбейген», - дейді экологтар.
Гүлжазира Шабдан, Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Акция жыл сайын өткізіледі. Осы арқылы оқушылардың, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін көтеру, қоршаған ортаға құрмет көрсетіп, табиғатты аялай білуге шақыру.
Әдетте күн жылысымен үйрек, қаздар, тырналар, бозторғай, қара тамақ пен қарлығаштар оралады. «Бірақ биыл көктем кеш келгендіктен, жыл құстары да кемі бір-екі аптаға кешігеді», - дейді мамандар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары