Шымкенттік ғалым шұбаттан әлемдегі ең тапшы дәріні өндіруге болатынын айтады
Автор: Бекжігіт Мәуленов
01.04.2011
Шымкенттік ғалым түйе сүтінен әлемдегі ең тапшы дәріні өндіруге болатынына көз жеткізіпті. Ол қатерлі ісікке шалдыққан адамның дертін тежейтін «лактоферрин» деген ферментті түйе сүтінен алуға болады дейді. Әзірге идеяның авторлық құқығын ғана иемденген өнертапқыш оны іс жүзінде сынап көругеқаражат таппай отыр.
Ғалым Мұсатіллә Тоқанов түйе сүтінің емдік қасиетін зерттеп жүргеніне 15 жылдан асты. Осы уақыт ішінде шұбатты құрғақ ұнтақ және түйіршік түрінде шығару тәсілін тапқан. Оның бұл жаңалығына қазірдің өзінде бірнеше елдің сүт өндіруші компаниялары қызығып отыр. Шымкенттік өнертапқыш енді әлемді елең еткізетін жаңалық ашып, қатерлі ісікті тежейтін ақуызды оңай жолмен алуға болады дейді.
Мұсатіллә Тоқанов, «Оңтүстік-Батыс» Ғылыми-өндірістік ауыл шаруашылығы орталығыныңғалымы:
-Әлемдік медицинаның тұжырымына тоқталатын болсақ: әйел сүтінен алынатын лактоферринмен емдеуге болатыны дәлелденіп отыр. Ал біз бұны түйе сүтінен алуға болатынына көзіміз жетті.
Бір грамм “лактоферринді алу үшін әйелдің 25 литрсүті және оның өндірісіне 2,5 мың АҚШ доллары шамасында қаржы қажет. Сондықтан мұндай жолмен қатерлі ісікке қарсы дәрі шығару қиын. әАллактоферриндітүйе сүтінен өндірсе, дәрінің құны 800 теңге шамасында боладыә, -дейді Мұсатіллә Тоқанов.
Қатерлі ісік ауралары ғаламды толғандырған мәселе болғандықтан, 2008 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы түйе сүтінің өнімдерін бүкіл дүниежүзіне тарату мәселесін көтерген болатын. Бұл шараны жүзеге асыру үшін «Оңтүстік-Батыс»Ғылыми -өндірістік орталығының ғалымдары ойлап тапқан шұбаттың таблетка және ұнтақ түріндегі өндіріс өте қолайлы болатын еді. Алайда бұл тек бастама күйінде қалып қойды.
Шұбаттың қасиеті туралы халық арасында көнеден айтылып келеді. Ал оның құрамындағы лактоферриннің «қатерлі ісікті болдырмайды»деген тұжырымды әлемдік медицина жақында мойынғанымен, қазақтың қолданысқа енгізгені қай заман.
Несібелі Мұстафаева, шаруа:
- Осы төңіректе, Шымкентке жақын ең бірінші түйе ұстаған - бізбіз. Қымыранды емге ішіп, қант диабетінен, жүрек ауруынан, асқазан жарасынан жазылып, көпшілік ішіп, алғыстарын айтып кетіп жатты.
Әлемді алаңдатқан осынау дерттің дауасы жөнінде өзі ұсынған ойын Оңтүстік өнертапқышы іс жүзінде сынап көрейін десе, қаржы мәселесі қолбайлау болып тұр. Қазірдің өзінде ғалымның идеясына Батыстың бірнеше мемлекеті “құда түсіп” жатқан көрінеді. «Осыны өзімізде жүзеге асырсақ, түйе сүтін жат жұртқа экпорттау арқылы да қыруар қаржы табар едік», - дейді Мұсатіллә Тоқанов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!