Талдықорғанда бұрын-соңды болмаған сот отырысы басталды
Автор: Меруерт Бауыржанқызы
06.04.2011
Талдықорғанда бұрын-соңды болмаған сот отырысы басталды. Жалғызбасты әйел Ирина Камзычакова жергілікті “Жетісу Энерготрейд” компаниясының жұмысын дұрыс қадағаламады деп, Табиғи монополияларды реттеу департаментін сотқа беріп отыр. Ол аталған компанияның электр қуатына деген бағаны шарықтатып, дифференциалдық тариф енгізгеніне наразы. Ал қарсы жақ жарықпен қамтамасыз ететін мекемені қызғыштай қорғауда.
Электр қуатын тұтынудың жаңа жүйесі енгізілгелі бері Ирина Камзычакова бәрін үнемдеуге көшті. Үйде электр пеші қолданылатындықтан, ыстық тамақ пен шай күніне бір-ақ рет әзірленетін болған. Теледидар мен радионың үні де сирек естіледі.
Ирина Камзычакова, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Бұдан мемлекетке түсер пайда бар шығар. Бірақ,біз ұтыламыз. Бұрынғыдай, бір тарифпен төлеп жүргеніміз жақсы еді. Сосын мына парақшалардан гөрі,кітапшамыз дұрыс.
Жүргізілген сауалнама бойынша, Ирина Камзычакованың әрекетін қаланың 80 пайыз тұрғыны қолдап отыр. Былтыр қазан айынан бастап енгізілген дифференциалды тариф «біз үшін тиімсіз»дейді талдықорғандықтар. Яғни,бір адамға бөлінген электр қуатын тұтынудың мөлшері 70 квт-қа дейін 12 теңге 16 тиын болса, межеден асқан уақытта, сәйкесінше, төлейтін ақы да 1 квт үшін 14 теңге 81 тиынды құрайды.
Әнесбай Кәрібаев, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- «Сендерге кім рұқсат берді?» депбарып тұрып сұрағам, «ешкімемес» дейді. Ал рұқсат беру үшін тәжірибе жасау керекеді. Біз сияқты адамдар тәжірибеге қатысуы керек.
Ирина Камзычакованың ай сайынғы жалақысы 25 мың теңге. Бұрынғы жүйемен ол электр қуаты үшін 1300 теңгедей төлесе, қазір ол сомадан 500 теңге артық береді. Ал компаниядағылар тарифке талдау жасалғанын айтуда.
Ербол Дүйсебаев, “Жетісу Энерготрейд” ЖШС заңгері:
- Анализ жасайды ғой, әр жылдың аяғында, бір жылда қанша электр қуаты тұтынылатынын. Соның барлық көлемі бір адамға шағылады.
Табиғи монополияларды реттеу департаменті өкілдерінің айтуынша, электр қуатын таратушы фирма бұл жағдайда тіпті зардап шегіп отыр.
Нұржан Қайранбек, Алматы облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім бастығы:
- Ол кісіні мен түсінем, жалғызбасты әйел болғандықтан оның пайдалану көлемі аз болып тұрғанын. Егер де екі-үш бала тіркеуде тұрса, оған пайдалы. Бес айдың қорытындысы бойынша «Жетісу Энерготрейдтің» шығыны қазір үш жарым млн.
Қайткенмен де кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін енді сот шешпек. Келесі сот отырысы 18 сәуірге жоспарланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!