Петропавлда жүкті әйел зергерлік дүкенді тонады
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
19.04.2011
Айы күні толып отырған қарақшы. Петропавлда тапа-тал түсте зергерлік дүкенді тонаған әйел ұсталды. Ең қызығы, сатушыны жарақаттап, жарты млн теңгенің асыл бұйымдарын қолды қылған азаматша бір айдан соң босануы тиіс екен. Болашақ ана бұл әрекетке «шарасыздықтан бардым»деп ақталды.
Дүкенде зергерлік бұйымдарды қарап жүрген жүкті әйел басында ешқандай сезік туғызбаған екен. Тек қалтасынан пышақ алып шыққанда ғана сатушы абдырап қалыпты.
Елена Садақбаева, сатушы:
-Ол пышақты бірден мойныма тақады. Мен айғайлап, көмекке шақырдым. Ол дүкеннен қашып шығып кетті. Қарасам,мойным қанап жатыр екен.
Есін жиған сатушы дүкендегі дабылқаққышты басқанымен,күдікті қашып үлгерген. Бірақ дүкен қызметкері бет әлпетін есіне сақтап қалғандықтан, ол көп ұзамай қолға түсті. Ауылдан қалаға қыдырып келген азаматша қылмысқа «шарасыздықтан бардым» дейді.
Күдікті:
- Жуырда босануым керек. Көмектесетін ешкім жоқ. Сондықтан осы қылмысқа баруға мәжбүр болдым.
Әзірге күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілді. Бірақ жасаған қылмысы үшін сот оны 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. 450 мың теңгенің дүниесін қолды қылған жүкті әйел бір алтын алқаны сатып үлгеріпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!