Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВ
- Telegram
СПОРТ
21.04.2011
Ертіс жағасында “Павлодар Оупен” ашық біріншілігі жалғасуда. Осымен 9-рет өткізіліп жатқан додаға еліміздің 11аймағынан 83 балғын теннисші қатысуда.
Аталмыш жарысқа бірінші категория берілген, оның жүлде қоры 2,5 миллион теңгені құрайды. Су жаңа теннис орталығында өтіп жатқан жарыстың басы-қасында теннис мамандары, соның ішінде Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Мәдина Рақым да бар. Олар еліміздің болашақ бас командасына үміткерлер қарастыруда. 1997-1999 жылы туылған ұл мен қыздар өнер көрсетіп жатқан бәсекеде Алматы, Астана, Шымкенттен келген жас теннисшілер сәтті өнер көрсетуде. Ал, бүгін “Павлодар-Оупен” айдарымен жалауын көтерген ашық турнир жеңімпаздары белгілі болады.
Антон Игнатченко, бас төреші:
-Қазіргі кезде балалар теннисі жақсы даму үстінде. Оған себеп қабілеті бар балалар командаларға шақыртылып, оларға тегін жаттығу және бапкерлер берілуде. Оған қоса балғын спортшылар шетелге және еліміздің әр қалаларына түрлі жарыстарға жиі шығатын болды. Осы жарысқа келер болсақ, қатысушылар бірін-бірі танып қалған. Олар жыл бойы өзара күш байқасады.
Чемпиондық атақты сарапқа салып жатқан “Тигры Астана” мен Павлодардың “Ертісі” арасындағы финалдық серия қайта жанданғандай. Алғашқы екі матчты өз пайдасына шешкен астаналық баскетболшылар, Павлодардағы үшінші бәсекеде жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болды.
Үш жеңіске дейін жалғасатын финалдық серияны сылбыр бастаған “Ертіс” өз жанкүйерлері алдында аянып қалмады. Ә дегеннен ширақ қимылдаған алаң иелері көп ұзамай-ақ таблодағы есепте алға шығып үлгерді. Жергілікті баскетболшыларға қарсы амал таппаған астаналық жолбарыстарға , чемпиондықты кейінге қалдыруға тура келді. Ойын нәтижесі 62:42. Еліміздің үздік клубы деген құрметке бір табан жақын тұрған “Тигры Астана” бүгін тағы да бақ сынап көреді. Егер сериядағы есеп теңесіп жатса, бұл теке-тіреске Астанада өтетін бесінші кездесу нүкте қоятын болады.
Өткен түні Валенсияда аса тартысты футбол матчы орын алды. Испанияның қос мықтысы Мадридтың “Реалы” мен “Барселона” Король Кубогын сарапқа салды. Осы жүлдені 25 рет еншілеген каталондықтар бұл жолы жеңіске сусап жүрген “корольдық” клубқа төтеп бере алмады. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ “Реал” қарсылас қақпасына қауіп төндіре бастады.
Алайда ойынның алғашқы жартысында басымдылық танытқан Жозе Моуриньонің шәкірттері бірнеше ұтымды сәттерді голға асыра алмады. Үзілістен соң “Барселона” ойынға жаңа қарқынмен кірісті. Енді, қауіпті сәттер мадридтіктердің жағында өрбіді, дегенмен команда капитаны Икер Касильяс пен оның командалас әріптестері толассыз шабуылдарға тойтарыс бере алды. Кездесудің 69-минутында Мессидің керемет шығарып берген пасын нәтижелі соққымен аяқтаған Педро өз жанкүйерлерін дүр сілкіндірген. Бірақ бұл эпизодта Педроның ойыннан тыс қалғанын анықтаған төреші бірер сәттен соң “Барселона” жанкүйерлерінің қуанышын су сепкендей басты. Не керек қосымша уақыттың 103-минутында қарсы қақпадан саңлау тапқан Криштиану Роналду , король клубы көптен аңсаған кубокке қол жеткізді. Есеп 1:0. Испания Королі табыстаған кубокты алып мадридке тартқан жеңімпаздар, үлкен мерекенің ортасына түсті. Дәл сол салтанат кезінде Серхио Рамос Кубокты қолынан түсіріп, мәртебелі жүлде өздері мінген автобус доңғалағының астында қалды.
7-мамыр күні Лас-Вегаста үлкен кәсіпқой кеші өтеді. Бокс кешінің орталық матчында үш салмақ дәрежесі бойынша әлемнің экс-чемпионы Шейн Мозли мен салмақ категориясына қарамастан дүниежүзінің үздік боксшысы деп танылған филиппин Мэнни Пакьяо қолғап түйістерді.
Жекпе-жек алдындағы оқу-жаттығу жиынын аяқтап қалған боксшылар алдағы матчқа қатысты өз ойларымен бөлісті. Шаршы алаңда өткізген 46 кездесудің 39 нокаутпен ұтқан Шейн Мозли, алдағы матчта жеңіске жететініне нық сенімді. “ Мен Пакьяоны қалай жеңудің жолын білемін. Біріншіден менің одан дене – бітімім де күшім де артық, екіншіден мен өте шапшаң қимылдайтын боксшылардың бірімін. Егер бар өнерімді көрсете білсем, Пакьяо менің алдымда тізе бүгері сөзсіз. Одан кейін Мейвезерден қарымта қайтару ойым да бар” деп ағынан жарылды.. Қашанда бір қалпынан айнымайтын Пакьяо: “Сәуегейлік жасап не керек, бір білетінім Лас-Вегастағы бокс кешінде спорт сүйер қауым тамаша жекпе-жекке куә болады” – дегеннен басқаға бармады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВ
- Telegram