Алматыда студенттік және дебюттік фильмдердің халықаралық фестивалі ашылды
Автор: Әйгерім Асқарқызы
25.04.2011
Алматыда “Бастау” атты алғашқы студенттік және дебюттік фильмдердің халықаралық фестивалі ашылды. Оған 15 мемлекеттен 38 жас режиссер қатысуда. Фестивальдің басты мақсаты – қатысушы елдермен этномәдени байланыс орнатып, жастардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Осы шара өтетін 5 күн ішінде алматылықтар мен қала қонақтары жас киногерлердің жұмыстарын тегін тамашалай алады.
Мұнда ұсынылған кинотуындылардың жас режиссерлердің қолынан шыққанына көпшілік сене қоймайды. Тақырыптары күрделі, қолданылған арнайы тәсілдері де сапалы. Байқауға Қазақстаннан 4 адам қатысуда. Солардың бірі астаналық жас киногер Адай Әбілдинов – тәжірибелі режиссерлердің тісі бата бермейтін анимациялық фильмді байқауға арнайы түсіріпті. Осы “Аңшы” деп аталатын картинасын жасауға бір жылдай уақыт кеткен.
Адай Әбілдинов, қатысушы:
- Қазақтың ежелгі аңызының желісінде түсірілген. Ішінде экологиялық тақырыптар, бала тәрбиесі туралы бар. Әділ қазылар өз шешімін жасағаннан кейін бұл фестиваль арқылы фильм үлкен экранға шығады деп ойлаймын.
Байқау ойын киносы, деректі және анимациялық фильм сияқты үш бағытта өтуде. Оған ТМД елдерінен, Франция, Германия, АҚШ, Индонезия, Үндістан, Корея және Түркиядан 38 жас режиссер қатысуда.
Байқаудың басты мақсаты – қатысушы мемлекеттердің киногерлерімен тығыз мәдени байланыс орнату.
Сергей Әзімов, “Бастау” студенттік және дебюттік фильмдердің халықаралық фестивалінің директоры:
- Кино саласында қарым-қатынас, байланыс болмаса, ешқандай өнер өспейді. Сол себепті бұл жай ғана жастар кино фестивалі емес, бұл жастарға назар аудару, жастарға көмектесу.
Сергей Әзімов жастар арасындағы мұндай айтулы кинобайқаудың соңғы рет Алматыда сонау 1987 жылы өткені ғана есімде дейді. Ал мына фестиваль 5 күн бойы өтіп, оған қатысатын фильмдер тегін көрсетіледі.
“Бастау” студенттік және дебюттік фильмдердің халықаралық фестивалінің бастамасы жаман емес. Қызыл кілем, өнер жұлдыздары, шетелдік киномайталмандар... бәрі-бәрі Канн немесе басқа да әлемдік деңгейдегі киношаралардан кем түспейді. Осы кинофестивальдар сияқты “Бастаудың” да ғұмыры ұзақ болады деген үміттеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!