Ақтау әкімі “базардағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін саудагерлер санын азайту керек”- дейді
Автор: Нартай Аралбайұлы
25.04.2011
Әкімдер базарға шықты! Елбасының нарықтағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі облыс әкімдеріне қатаң ескерту жасағаны күні кеше ғана. Бұл тапсырманы алғашқылардың бірі болып азық-түлік бағасы ең қымбат өңірлердің бірі Ақтау шаһарының басшысы орындауға кірісті.
Ақтау әкімінің ала таңнан орталық базарды кезіп жүргені көпшілікке таңсық көрінді. Бірақ соңғы кездері шарықтап кеткен азық бағасын көруге келген Марат Молдағалиевтіңбұл сапарына базар басшылығы тыңғылықты дайындалған сияқты. Өйткені мұнтаздай таза сауда орындарында азық-түлік бағасыз ба дерсіз, тіпті, көк тіреген құндары да жазылмапты. Бұған көңілдері толған шенеуніктер сауданың көрігін қыздырып, саудаласпай-ақ дорбалап әкетті.
Бағаны білгенімен, білек түрмеген басшыға ел қабақ шытты. Тұрғындар “қаржымыз қат, көп азыққа қалтаның қауқары жетпейді” дейді. Әбден әккіленген саудагерлердің бүгін “сайқымазақ кейіпке” енгенін зейнеткерлер айтады.
Ыштап Наманова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Барлығы қымбаттап жатыр, телевизорға түсіргенде арзандатады дейді, телевизор кеткесін қайтадан сол бағаға қояды дейді. Ұят емес пе, Масқара ғой!
Айман Ысқақова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Етті мүлдем ала алмай жүрміз міне, мың жарым дейді! Ол не зат, құрысын?! Картоп удай қымбат, оны кішкене төмендетуге болмай ма, арзандатуға?!
Бұл Ақтаудың күнгей бетіндегі басқа базар. Қала шенеуніктерінің мұнда қатынамағаны, удай бағасынан-ақ көрініп тұр. Ақтаудың әкімі картоп пен пиязды 120 теңгеден сатып алса, мұнда ол азықтың құны 140 теңгеден асады. Сәбіз 200 теңгеден кем емес. Солай болса да, саудагерлер салғыласып әлек.
Рантик Гамчари, кәсіпкер:
-Бағаны қалай төмендетем? Картопты өзім 130 теңгеден аласам, өз бағасына сатып шығындануым керек пе? Алатын адамға 150 теңге!
Бағасын өсіріп сатамын, әйтпесе шығынға батамын. Уәждері осы. Ал қала әкімі 10 мың теңгеге азық алды. Шенеуніктің қалтасы одан жұқарып қалмаса да, қарапайым елге едәуір жүк. Мәселені шешудің әдісін әкім өзі айтты.
Марат Молдағалиев, Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы:
- Күнделікті саудаға шығатын кәсіпкерлердің, саудагерлердің санын азайту. Яғни ірі өндірушілер мен ірі дистрибюторлардың арасындағы магазиннің сөресінде тұратын саудагерлердің апрасын жақындату.
Ақтаулықтардан арыз алып, кәсіпкерлердің қабағын баққан әкімдіктен қауқар қайтқан. Қазір қалаға жеткізілетін азық-түліктің 85 пайзы өзге аймақтардан әкелінеді. Арбалаумен әлек болған әкімдік, әзірге жақыннан дорбалау дағдысына бой ұрмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!