Қазақстандық дипломат шетелдік ұшақты кепілдікке алуға әрекеттенді
Автор: Әлия Нұрлан
25.04.2011
Біздің дипломат шетелдің ұшағын кепілдікке алуға талпыныс жасады. Қазақстанның Юнеско жанындағы өкілдіктің кеңесшісі Валерий Толмачев Парижден Рим қаласына ұшқан бетте осындай оқыс әрекет жасады. Ол әуе кемесін саяси тартысқа толы Ливияға бағыттауды талап етті. Ұшақ экипажын қорқыту үшін мазасыз жолаушы тырнақ тежеуге арналған құралды қолданыпты. Бұл құралмен тіпті стюардессалардың бірін жаралап та үлгерген. Ақыры бұзақы дипломатқа жолаушылардың өздері төтеп берді. Қазір Валерий Толмачев Италия астанасының іргесіндегі түрмеде.
Қазақстандық дипломаттың неліктен Париж – Рим бағытын таңдағаны белгісіз. Екі ортада ол кенеттен Ливияға баруға ниет білдірді. Өз талабын тырнақ тежейтін темір заттың көмегімен жеткізуді жөн санапты. Тұтқын ретінде аспансерік қызды таңдаған. Бұл кезде ұшақта 131 жолаушы болды. Олардың ең батылдары бұзақыны ұстауға көмектесті.
Оқиға куәгері:
-Басында ештеңе көрген жоқпын. Содан кейін «үндеме» деген сөзді естідім. Және бір адамның стюардессаны ұстап, тамағына пышақ сияқты нәрсені қадағанын байқадым. Әрі қарай көрмедім, басқалары араласып кетті.
Жеңіл жарақат алған әйелге әуежайда жәрдем көрсетілді. Ал дипломатты полиция күтіп алды. Оның қолында лауазымдық құжат болмады, бұл сапарда ол тек жалпыазаматтық төлқұжатын қолданған. Бастығы Олжас Сүлейменов атап өткендей, Валерий Толмачев Италияға іссапармен жіберілген жоқ.
Олжас Сүлейменов, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі:
-Негізі осыған дейін Триполи, немесе Каддафи туралы әңгімесін естіп көрмеппін. Меніңше ол бір жүйке жүйесі дертіне ұшыраған. Соңғы кездері асқазанын емдеп жүрген. Оған дәрігерлер көмегі қажет.
Валерий Толмачев 1986 жылдан бері дипломатиялық қызметте істеп жүрген. Өзін тек жақсы жағынан танытты. Әкесі – танымал журналист. Ал өзі ажырасқан, екі қызы бар. 48 жастағы азамат салауатты өмір салтын ұстанып, бірде бір рет заңбұзушылықпен көзге түспепті. Сыртқы істер министрлігі оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Асқар Абдрахманов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
-Бүгін Италияда демалыс күні. Пасхадан кейінгі дүйсенбі. Сондықтан мемлекеттік органдар жұмыс істемейді. 17.29.20 Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан елшілігі итальян билігі аталмыш қамауға алынған азаматқа тағайындаған заңгермен байланыс орнатқан болатын.
Полиция қызметкерлері Қазақстан өкілдігінің кеңесшісін бес сағат бойы тергеген. Одан кейін Валерий Толмачев Италия астанасынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан тергеу абақтысына қамалды. Шетелдік ақпарат құралдарына сенсек, оған адам және ұшақты ұрлауға әрекеттенді деген айып тағылып отыр. Сонымен қатар осы әрекетін аффект күйінде жасағаны белгілі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!