ОҚО: үш адам сібір күйдіргісін жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түсті
Автор: Әйгерім Асқарқызы
22.06.2011
Оңтүстік Қазақстан облысында үш адам сібір күйдіргісін жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды; арасында кәмелет жасқа толмаған бала да бар. Әзірше бұл жайында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары да, денсаулық сақтау саласының өкілдері де ешқандай мәлімет бермей отыр. Ресми ақпарат Астанадан ғана жетті.
Оған сәйкес, 20 маусым күні науқастар Ордабасы ауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылыпты. Олар осыдан он күн бұрын Ордабасы ауданының Тоқсансай ауылының бір тұрғыны сиыр сойып, етті көршілеріне сатқан. Арада апта өтісімен ауру малдың иесі дене қызуымен аудандық ауруханаға түскен. Оның бойында сібір күйдіргісінің белгілерін байқаған дәрігерлер мал сойысуға қатысқан екі адамды да ауруханаға жатқызған. Артынша ауру малдың етін жеген сегіз адам ауруханаға қаралған. Сиыр еті жойылғанмен, Тоқсансай ауылында қанша бас мал аталмыш індетті жұқтырғаны жайында мәлімет жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!