Талапқа сай келмеген 50 судья қызметімен қош айтысады
Автор: Әлия Нұрлан
28.07.2011
Елбасы таяуда 50-ден астам судьяны қызметтен босатпақ. Олардың көбі сенімді ақтамады. Тиісті бұйрыққа 10 күннің ішінде қол қойылуы тиіс. Бұл жайында бүгін Жоғарғы соттың төрағасы Бектас Бекназаров мәлімдеді.
Жалпы судьяларға қатаң талап қойылып отыр. Яғни өз міндеттерін жоғары деңгейде атқара алмаған маман бірден қара тізімге енгізіледі. Әдетте тексерістерден кейін кінәрат жіберген бірқатар судьялар жұмыстан өз еркімен кетіп жатады. Ал келіспегендерді әділ қазылар алқасы шығарып салады. Осылайша жыл басынан бері 32 судья жылы орындарымен қоштасты. Енді олардың қатарына тағы 52 адам қосылмақ. Бір айтары, судьялар Қазақстандағы ең жақсы жалақы алатын мемлекеттік қызметкерлердің санатында. Мәселен, аудандық сот төрағасына орташа есеппен 200 мың теңгеге жуық еңбекақы төленеді. Ал жоғарғы сотта бұл сомма екі есе көп. Алайда жемқорлық үшін ұсталғандар жоқ емес. Екі жыл бұрын 8 адам қылмыстық жазаға тартылса, биыл бір факті әшкереленді.
Бектас Бекназаров, ҚР Жоғарғы соттың төрағасы:
-Бұл деген сөз біздің тарапымыздан да, сот жүйесі тарапынан да, арамызда заңды бұзып, сенімді ақтамай, осындай қылмыстық жолға түскендерге қатаң шара қолданылатынын көрсетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!