Алматы: баспана несиесін төлей алмай, бес баланың анасы өзін-өзі өртеп жіберді
Автор: Бекзат Жүсіп
31.08.2011
Алматыда жантүршігерлік оқиға орын алды. 45 жастағы Кенжегүл Қалдыбекова тапа-тал түсте өзін-өзі өртеп жіберді. Бес баланың анасы баспанаға деп алған несиесін төлей алмай қалыпты. Осыдан кейін арнайы сот шешіміне сәйкес,сот орындаушылары оны үйден шығаруға келген. Сол кезде ашуға берілген әйел осындай қадамға барды. Қазір ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Бұл оқиға орнында көрші-көлемнің ұялы телефонға түсіріп алған көрінісі. Әп-дегеннен ақ тәртіп сақшылары әйелді жұлқып, жолға шығарып тастады. Қарызын қайтара алмаған бес баланың анасы бәрібір баспанасын басқаға бергісі келмейді. Алайда сот орындаушылары өз шаруаларын орындауға міндетті. Амалы таусылған Кенжегүл Қалдыбекова осы сәтте үстіне бензин құйып, өзін-өзі өртеп жіберген.
Артынан белгілі болғаны, бұл отбасы банкпен және қарыз берген басқа да адамдармен 2005 жылдан бері соттасып келіпті. Ақыры сот қарсы жақтың пайдасына шешім шығарған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Сот орындаушыларын көре салысымен өзінің үстіне жанармай құйып, өртенбек болған. Учаскелік инспектор оқиға орнында болғандықтан,барлығы жұмыла оның өмірін сақтап қалды. Қазір ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Соңғы уақытта несиесін төлей алмай, баспанасын құтқарып қалудың да басқа амалын таппай, өз-өзіне қол салу жәйттері көбейіп кеткен. Мәселен, соңғы төрт айда елімізде дәл осындай үш қайғылы жағдай орын алды. Биыл мамыр айында тараздық бір тұрғын үстіне бензин құйып өртеніп кетпек болды. Абырой болғанда айналадағы ағайын-туыс дер кезінде көмекке келіп, құтқарып қалды. Ол да сот орындаушыларына наразылық көрсетпек болған. Ал осыдан көп ұзамай 39 жастағы Павлодар тұрғыны тоғызыншы қабаттан секіріп қаза тапты. Атпалдай азамат банктен жалғыз баспанасын қорғаштаймын деп өлім құшты. Соңғы кезде көбейіп кеткен мұндай қоғамның келеңсіз құбылыстары психологтарды да ойландырып отыр.
Анна Құдиярова, писихолог:
- Біздің қоғамда бір ауру бар, сол ауруды емдеу керек деген сөз. Бұл әзірге үш-ақ адам, мүмкін біз бәріміз жиналсақ, Үкімет болып, заңгерлер болып, біздер,психологтар жиналсақ, мұны шеше алатын шығармыз. Бізде қазір қазақ қоғамында өзін-өзі өлтірудің эпидемиясы жүріп жатқан сияқты.
Қаржының қыспағынан шықпақ болып амалсыз пайызы шарықтаған несиеге ұрынған халық көп-ақ,бізде. Бірақ, бәрі бірдей қарызын уақтылы өтей алмайды. Баспанасыз далада қаңғып қалғысы да келмейді. Қайтпек керек? Әзірге біздің билік те, басқа да,бұдан шығар жолды тапқан жоқ. Ал өзіне-өзіқол салушылар қатары өсіп барады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!