Немересінің төрт түлікті танудан қалғанына налыған зейнеткер ерекше сый жасады!
Автор: Жаңалық Ахаш
05.10.2011
Ақтөбедегі жас натуралистер станциясына жергілікті тұрғын ерекше сый жасады. Қалада өскен немересінің төрт түлікті танымайтындығына налыған зейнеткер балаларға сабақ болсын деп ешкі тарту етіпті. Өңірде хайуанаттар бағы жоқ болғандықтан, оқушылар жануартану пәнінен қосымша сағатын натуралистер станциясында өткізеді. Бірақ онда есек пен көгершіннен басқа ештеңе жоқ. Сондықтан қарияның ешкісі мұндағыларға таптырмас сый болып отыр.
Ақтөбелік зейнеткер Дүйсенғали Сағат немересінің қойдан қорқып, оны ит құсатып «кә-кә» деп шақырғанын көргенде жағасын ұстапты. Қазақ баласының төрт түлікті танудан қалып бара жатқандығына налыған ол базарға барып, он бес мыңға ешкі сатып алған. Енді соны жас натуралистер станциясына тарту етті.
Дүйсенғали Сағат, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Білмейді ғой, білмегесін малды көрсе, қорқып, қашады. Малға үйренсін. Малды қалай бағып, күту керк екенін. Қаланың балалаарында мал болмағасын, мұндай малды көрмегесін, бір жағынан қазақтың малы болғасын. Соны бағып үйренсін деп, немеремдей балалар болғасын - бердім.
Ақтөбелік оқушылар үшін жануартану пәнінен қосымша дәрістер осы жалғыз станцияда өтеді. Бұл хайуанаттар бағы жоқ өңірдің балалары үшін таптырмас орын. Бірақ мұнда есек пен көгершіннен басқа ештеңе жоқ. Сондықтан қария тарту еткен ешкінің өзі мұндағыларға таптырмас сый болды. Тіпті оқушылар өздеріне таңсық жануар көргендей шыбыштың қасынан кетер емес.
Рустам Қыдырғалиев, оқушы:
- «Шикалөк»деп қойған себебі, «шөкә»деп шақырады. Біз оған жем, шөп, су бердік. Мен ойлаймын, өскенде олар деген біздің артымыздан қалмайтын шығармыз деп. Үйреніп кетеді ғой, бауыр басып.
Қазір бір жастағы шыбыш келер жылы төлдеуі тиіс. Оқушылар ол кезде ешкіні сауып, сүтін «кәдеге жаратамыз»деп отыр. Ал Дүйсенғали қария болса, бір жылдан соң «сауынды сиыр сыйға тарамын» деп уәде берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!