Павлодар тұрғыны трамвай басқармасын сотқа берді
Автор: Айжан Әлібек
06.10.2011
Павлодар тұрғыны қалалық трамвай басқармасын сотқа берді. Айтуынша, аталмыш көлік түрі төрт айдан бері машина жасау зауытының аялдамасын елемей өте шығады екен. Осының салдарынан Игорь Захаров және зауыттың тағы 500-дей жұмысшысы күнде біраз жер жаяу жүруге мәжбүр. Шағымданушы азамат 30 жыл бойы трамвай тоқтап келген аялдаманың заңсыз алынып тасталғанын енді сотта дәлелдемекші. Ал басқармадағылар мұндайға «шарасыздықтан бардық, бұл аялдамаға тоқтау бізге тиімсіз»деп отыр.
Павлодарда трамвай 1965 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді. Күніне осы көлікпен мыңдаған адам діттеген жерге жетеді. Десек те аймақтағы ірі кәсіпорын жұмысшыларының жұмыс орындарына жетуі қиындаған. Бар гәп – аялдамада: 30 жыл бойы машина жасау зауытының жанынан тоқтап келген трамвайлар қазір бұл аялдаманы елемейтін болған.
Енді зауыттың 500-дей жұмысшысы күнде жарты шақырым жолды жаяулатып жүруге мәжбүр. Шыдай алмаған Игорь Захаров трамвай басқармасын сотқа берді.
Игорь Захаров, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Менен жолақысын алғанымен, діттеген жеріме дейін жеткізбейді. Ал ақшасын төлемей қойғандарды шығарып жібереді.
Трамвай басқармасындағылар қаржы қыспаққа алған кезеңді желеу етіп, бұған шарасыздықтан барғанын айтады. Ойланып, толғана келе, трамвай басшылары бұл аялдамаға тоқтау «тиімсіз» деп тауыпты.
Надежда Егізбаева, «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ-ның вице-президенті:
- Электр қуатының басым бөлігі трамвай жүргенде емес, тоқтаған кезде кетеді. Сондықтан машина жасау зауытының қасына аялдасақ, біз көп шығын көреміз.
Шығынның орнын толтыру үшін трамвай басқармасындағылар машина жасаушылардан жылына екі миллион теңгеге сұраған. Алайда бұған зауыт басшылары келіспей отыр. Олардың ойынша, 30 жыл тоқтаған аялдама заңсыз алынып тасталған. Екі жақ осылай текетіреске түсті. Ал қарапайым жұмысшылар зауытқа әлі де жаяу жетіп жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары