Ақтөбе қаласы жылу маусымына әлі дайын емес
Автор: Жаңалық Ахаш
06.10.2011
Ақтөбе қаласы жылу маусымына әлі дайын емес. Себебі:комуналдық мекеме жылу құбырларына күрделі жөндеу жүргізуге күз келгенде ғана кіріскен. Енді оның қашан аяқталары да белгісіз. Ал күннің күрт суытуынан әлден-ақ пәтерлерінде бүрсеңдеп отырған тұрғындар:«Шенеуніктер ала жаздай жөндеу жүргізбей, ай қарады ма?» деп налиды.
Ақтөбеде күз келгенде көше бойына қазылған шұңқырлардан автокөлік жүргізушілері тұрмақ, жүргіншілер еркін жүре алмай әбігерге түсуде. Ала жаздай қамданбай, енді ғана жылу құбырларын жөндеуге кіріскен коммуналдық мекеменің бұл ісіне тұрғындар наразы. Себебі: күннің күрт суытуынан қазірдің өзінде салқын пәтерлерінде бүрсең қағып отырған олар енді басталған жөндеудің қашан аяқталарын білмейді.
Зада Құдайбергенова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- 25 жылдан бері ұндай бәлекет көрген жоқ едік. Білмеймін, қай жақтан тап болғанын. Екі-үш жылдықта ғана мынаны алмастырды, бұған не жау тигенін. Шенеуніктердің кесірі. Балық басынан шіриді!
Тоқсұлу Көшекбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Жазда бітіру керек еді. Біздің қанша кінәміз бар?! Енді халықпен бірге көреміз, не болса да.
Тоқсандағы соғыс ардагері Василий қарт электр пеші мен газ плитасы жылуының күшімен әрең шыдап отырғандығын айтады. Осы аптаның басында құзырлы мекемелерге жылуды қосуын сұрап хабарласқан. Енді суық тиіп, науқастанып, өтініш айтпақ түгілі, жүріп-тұруы қиындап кетіпті.
Василий Кокорев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Жылу болмаған соң суық тиіп ауырып қалдым. Қазір қызуым көтеріліп, тамағым ісіп кеткен. Күннің күрт суытқанын көре тұра, неге жылу бермеске? Әсіресе біз сияқты қарттарға ауыр.
Жылуға жауапты «Трансэнерго» АҚ-ның өкілдері құбырлардағы ақауды «жазда анықтауға мүмкіндік болмады»деп ақталып отыр. Себебі:гидробақылау жұмыстары тек қыркүйек айында ғана жүргізіледі екен. Бірақ жаңа басталған жөндеуді «шұғыл ақтаймыз»дейді.
Айтпай Дауылбаев, «Трансэнерго» АҚ бас инженерінің орынбасары:
- Бірден ақауды анықтай алмадық. Ұзын құбырларды ды алмастыру керек болды. Сол үшін қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір үш-төрт, әрі кетсе бес күн ішіндесол жерлердегі құбырларды алмастырып, тұрғындарға жылу беріледі.
Ақтөбе қаласындағы жылу құбырларының жетпіс пайызы ескірген. «Оларды жаңартуға қаржы жағы қолбайлау болып тұр» - дейді коммуналдық мекеме өкілдері. Әйтсе де ондғылар жылу маусымы басталғанда құбырлардың шұрық, тесік, жарамсыз болғандығын анықтайды. Сондықтан қыстың қамын жаздай ойласа екен дейміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!