СҚО әкімі: ресейлік теміржолға телмірудің салдарынан тығырыққа тірелдік!
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
06.10.2011
Солтүстік Қазақстан облысында егін ору науқаны диқандар қауымын тағы бір тығырыққа тіреді. Рекордық астық өсірген шаруалар енді вагондардың жоқтығынан шаруасын дөңгелете алмай отыр. Вагон жетіспеушілігі салдарынан аузы-мұрнынан лық толған элеваторларды босату мүмкін болмай тұр. Өңірдің темір жолы көрші Ресейге қарағандықтан, олар алдымен өз диқандарының күйін күйттеуде.
Рекордық көлемде астық өсірген солтүстікқазақстандық диқандардың еңбегі еш кеткелі тұр. Бидайды не сақтайтын, не сататын орын жоқ. Лық толы элеваторлар бірінен кейін бірі бидай қабылдауды доғарып жатыр. Ұн комбинаттарының да қоймалары дайын өнімге толы. Шетелдік нарыққа әрең дегенде шыққан олар енді вагон тапшылығынан халықаралық келісім-шарт талаптарын орындай алмай отыр.
Анатолий Шрамко, элеватор директоры:
- Біз құдды бір екі оттың ортасында қалғандаймыз. Ресейлік теміржолшылар үшін біз бөтенбіз, сондықтан олар вагон бермейді. «Қазақстан теміржолы» да бізге өгей баласындай қарайды.
Элеватор директорының теміржолшыларға бұлайша шүйлігуіне негіз бар. Астық қабылдайтын кәсіпорындардың дені облыс аумағы арқылы өтетін Ресейдің Оңтүстік Орал теміржолын бойлай орналасқан. Көрші ел диқандары да биыл рекордық астық жинапты. Сондықтан ресейлік теміржолшылардың алдымен өз жерлестеріне бүйрегі бұратындығы заңды да. Ал жергілікті мамандар вагон жетпейтінін алға тартуда. Сайып келгенде мұның бәрі әлі күнге көрші елге жалтақтап отырғанымыздың салдары екенін облыс басшысы мойындады.
Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Солтүстік Қазақстанның диқандары шынында да тығырыққа тірелді. Бұл – ресейлік теміржолға телміріп отырғанымыздың салдары. Егер біз “Қазақстан теміржолына” қарасақ, ешқандай да түйткіл туындамас еді.
Ал алқаптарда астықтың әлі үштен бірі орылмаған. Күні бойы оны тиейтін көлікті күткен комбайндар егістікте қаңтарылып тұр. Ал астық тиелген көліктер бос элеватор іздеп шарқ ұрып жүр. Табылғанының өзінде ұзын-сонар кезек.
Абай Жақыпов, көлік жүргізушісі:
- Элеватор алмай тұр. Тоқтарда астық көп, бидай тамаша, алатын жер жоқ.
- Енді не болады?
- Күн жауса - шіриді!
Теміржолшыларға налыған солтүстікқазақстандық диқандар Ресей мен Қазақстан Үкіметтеріне өтініш жазған. Бірақ әзірге ешқайсынан жауап болмай тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!