Ең арзан дәрі-дәрмек ұсынатын компаниялар іріктеле бастады
Автор: Әлия Нұрлан
11.10.2011
Емханалар үшін дәрілік заттарды сатып алу бойынша мемлекеттік байқаудың екінші кезеңі басталды. «Самұрық Қазына Фармация» отандық және шетелдік өндірушілерді мұқият тексеруде. Қазір тізімде тек сапалы дәрі-дәрмек шығаратын компаниялар ғана қалды. Енді олардың ішінен ең арзан тауар ұсынатындар іріктелмек.
Елімізде жыл сайын дәрі-дәрмек сатып алудың көлемі ұлғайып келе жатқан көрінеді. Алайда қомақты сомма бөлінсе де, мемлекеттік байқау өткізіп жатқан «Самұрық Қазына Фармация» өнімді неғұрлым тиімді алуды көздейді. Байқау барысында тек ең төменгі баға ұсынған компаниялар ғана жеңіске жете алады. Бірақ сапалық көрсеткіш те назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл талаптарға өндірушілердің қаншалықты сай екені бірінші кезекте тексерілді.
Берік Шәріп, «СҚ-Фармация» ЖШС Логистика және сату департаментінің жеткізушілермен жұмыс және тауарлық қорларды басқару бөлімінің бастығы:
- Егер дәрі-дәрмек бүгінгі қабылданған техникалық спецификациялардың бәрінен өтіп отырса, дәрі-дәрмек сапасы жағынан өзінің екінші кезеңге өтуін дәлелдеп отыр.
Әуел баста байқауға қатысуға 58 әлеуетті жеткізуші ниет білдірген. Қазір олардың тек 43-і ғана келесі сатыға өткен. Бұл жүйе негізінен мемлекеттік сатып алуды неғұрлым ашық та жария ету мақсатында қолданылып отыр. Өйткені нәтижесінде өнім халық қолданысына түспек.
Берік Шәріп, «СҚ-Фармация» ЖШС Логистика және сату департаментінің жеткізушілермен жұмыс және тауарлық қорларды басқару бөлімінің бастығы:
- Жалпы осы тендерде 52,3 млрд.теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынады. Бұл дәрі-дәрмектің бәрі келесі жылы 1200 медициналық мекемеге тегін кепілдендірілген медициналық көмек көрсету үшін жеткізіледі.
Байқау туралы барлық ақпаратты «Самұрық Қазына-Фармация» сайтынан да табуға болады. Бір айтары, іріктеу кезінде отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Ең алдымен дәрі-дәрмек жеткізетін компания осы нарықта бір жылдан артық қызмет етуі қажет. Өйткені фармацевтика саласында басты шарттардың бірі – сенімділік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!