Елорданың қақ ортасында орналасқан тұрғын үй құлағалы тұр
Автор: Әлия Нұрлан
11.10.2011
Елорданың қақ ортасында орналасқан тұрғын үй құлауға жақын. Мұндағы жұрт қазір аулаға шығуға да қорқатын болды. Олардың қатарында тіпті, халық артисі Бибігүл Төлегенованың балалары да бар. Қауіпті аймақ жіппен ғана қоршалған. Алайда бас қаланың жауапты қызметтері қандай да бір шара қолдануға асығар емес.
Есіл жағалауында орналасқан бұл үй негізінен осыдан 10 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген. Бірақ сырты бүтін, іші түтін екені тек тұрғындарына мәлім.Үй қабырғаларының жарылып жатқанына бір жылдан асты.
Аулада тұрғындардың демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Дегенмен оның рақатын ешкім көре алмай отыр. Балалардың ойын алаңы да қаңырап бос тұр. Өйткені бұл үйдің жанынан өтудің өзі өмірге қауіпті.
Мұндай тәуекелден Бибігүл Төлегенова да қашып отыр. Кезінде елорда билігі халық артисіне жаңа үйден пәтерді сыйға берген. Енді өзі тұрмақ, осында туыстарының да тұрғысы келмейтіні анық.
Гүзел Төлегенова, Б.Төлегенованың қызы:
- Жүруге қорқынышты. Кірпіші баланың басына құласа не болады? Адамдарға зияны тиейін деп тұр. Жұмысы да нашар істелген.
Шынымен-ақ сараптама құрылыстың сапасыз жүргізілгенін анықтаған. Кірпіш қалауда қателіктер кеткен, ал төбесі тым жұқа болып шықты. Кейбір жұмыстар жобаға мүлдем сәйкес келмейді.
Эрик Әминов, Астана тұрғыны:
- Мына үйді қабылдап алған компания кінәлі. Екіншіден, технадзор дейді ғой, солар дұрыс қарамады. Басқа кінәлі адамдар жоқ.
Бір айтары, халықтың өзі де жауапкершіліктен жалтаруда. Үйді жөндеуге 10 млн.теңге қажет. Элиталық үйдің тұрғындарын қалтасы жұқа азаматтардың қатарына жатқызу қиын болғанымен, бір жылда қажетті соманың жартысы да жиналған жоқ.
Құрманбай Өміралинов, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
- Ертең құласа, тағы да тұрғындардың терезелері кетеді. Астында да біреу қалуы мүмкін. Соған жеткізбей тезірек кірісу керек.
Пәтер иелері кооперативінің әкімдікке, төтенше жағдай департаментіне жазған шағымынан еш нәтиже шықпаған. Құрылысшыларды сотқа беру мүмкін емес. Біріншіден, кепілдендіру мерзімі өтіп кеткен, ал екіншіден компанияның өзі де жабылып қалған.
Осылайша олқылықтарды түзейтін ешкім жоқ. Құрылыс компаниясының бұрынғы кеңсесінен тек билеп жүрген студент қыздарды таптық. Ал Астанадағы әсем ғимараттардың бірі болып саналатын бұл үйдің алдағы тағдыры белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!