Ақтаулық отбасы қыста далада қалатын түрі бар
Автор: Бекзат Жүсіп
11.10.2011
Қара суық күз келіп, қылышын сүйретіп қыс жақындаған тұста ақтаулық Өрбісіновтер отбасы далада қалатын түрі бар. Қалалық әкімдіктегілер оларды апатты жағдайдағы үйге рұқсатсыз баса көктеп кіріп алды деп айыптап жатыр. Алайда басқа баратын жері қалмаған жандардың бұл баспананы босатпақ ойлары жоқ. Шенеуніктер де қайтар емес. Қабырғасы құлағалы тұрған үйдің жарығын ажыратып, енді су, газ бен жылуды да жібермейміз деп қорқытып отырған көрінеді.
Қабырғасы қақырап, алқан-талқаны шыққан үйдің бір бөлмесін Өрбісіновтер отбасы он жылдан бері қалқалап келеді, басқа паналар күркесі болмаған соң. Шеттей төрт баласы бар. Оның бірі мүгедек. Ал, бірнеше күннен бері Ақтаудың әкімдігінен өкілдер қайта-қайта келіп, пәтерді босат деп талап қойған. Тұрғындар шықпағасын үйді толық тоқтан ажыратып тастапты. Енді газ, жылу, ауыз судан айрамыз деп қорқытып жатқан көрінеді.
Айгүл Өрбісінова, үй иесі:
- Жарықты қиып тастады, бес күн жарықсыз отырамыз. Екі күн электриктерге ақша төлепотырмыз, мың теңге, екі мың теңгеден. Баспана алуға шамам келсе мен баяғыда алам ғой...
Айгүлдің айтуынша, олар баспананы кезінде жергілікті жеке пәтер иелері кооперативінде жолдасы жұмыс істеп жүргенде келісім шарт жасасып, қызметтік үй есебінде алған. Алайда бірнеше жыл бұрын шенеуніктер бұл құжаттың заңдық күшін жойып, тұрғындарды баспананы рұқсатсыз басып алды деп айыптаған. Тіпті сотқа дейін сүйрепті. Іле үйден шығару жөнінде судьялар да шешім шығарып берген. Бірақ үкімді әлі күнге орындамай отыр.
Айгүл Өрбісінова, үй иесі:
- Мен шықпаймын, ешқайда. Әкім қалай тумаластарына үй табады, солай тауып берсін. Маған жоғарыға шағынаудан, таза үй дегеннің керегі жоқ. Осындай бір ескі үй тауып берсін, менің әкімдіктегі кезегім келгенше.
Әкімдіктегілер болса, көсе көлденең келген көрінгенге бере салатын үйіміз жоқ, бәрі заң шеңберінде шешіледі деп қадап айтты.
Марат Молдағұлов, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:
- Әкімшіліктің тұрғын үй алуға тұрған тізіміндегі құқығын бұзып, өз еркімен жаңа басып алушыларға, болмаса басқа да адамдарға тұрғын үй береміз деген міндеттеме алмаймыз, ешқашан.
Қабағы қатулы шенеунік Өрбісіновтер отбасына ешқандай көмек көрсете алмайтындарын жеткізді. Тіпті қақаған қыс келсе де уақытша баспана беруге «қолымыз қысқа» дейді. Сондай-ақ әкім қаралардың сөзінше бұл үй өткен ғасырдың 90 жылында-ақ апатты жағдайда деп танылып, сүрілуге шешім шыққан. Бірақ неге екені белгісіз, бүгінге дейін қабырғасы қалқайған күйі әлі тұр. Қызығы, баспана әкімдіктің балансында да ешбір картада да 20 жылдан бері жоқ боп шықты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары