«ДЭУ автобаза» мыңға тарта қызметкеріне 6 айдан бері жалақы төлемеген
Автор: Нартай Аралбайұлы
11.10.2011
Алматыда қала көшелерінің тазалығына жауапты мекеменің жұмысшылары наразылық білдіріп жатыр. «ДЭУ автобаза» мыңға тарта қызметкеріне 6 айдан бері жалақы төлемеген. Оған қоса 2008 жылдан бері зейнетақы шоттарына да көк тиын аудармапты. Бүгін шыдамдары шегіне жеткен жұмысшылар маңдай тер ақыларын талап етіп, компания кеңсесі алдына жиналды.
Жұмысқа шықпай, кеңсе алдына жиналған жігіттер қарыз сұрап, қол жайып келгені жоқ. Жарты жылдан бергі бейнетінің заңды ақысын талап етіп отыр. Қызметкерлердің қызмет қылуға құлқы да жоқ. 500-дей техниканың қаңтарылып тұрғаны да сол. Алматыдай алып шаһардың тазалығына жауапты “ДэУ” автобекетінің қызметі қажырсыз, сапасы салақ содан. Өйткені қайсысына жолай кетсеңіз де, жалақысыз жан бақтық деп жамырай жөнеледі.
Үсен Рахымов, жұмысшы:
- Көрінген жерде жұмыс істейміз, көрінгеннен қарыз сұраймыз, қарыз аламыз. Мыналардан сұрасаң, шетінен қарыз, бәрі. Біреуден қарыз алсаң, жалақыдан бірден бере салдың. Біз тек өмір сүру үшін ғана жүрміз ғой. Бізде болашақ дегенжоқ.
Болашақ дегенге бұлыңғыр қарайды бұл топ. Жалпы саны 900-ден асып жығылады. 30қыркүйекте қызметкерлерін қуа бастаған компанияның басқа да қитұрқы әрекеттері аз емес көрінеді.
Бөкен Жұбанышев, жұмысшы:
- Осыдан бір ай бұрын зейнетақы қорына барсам, 2008 жылдан бері ақша аударылмаған. Сонда біз 2011 жылға дейін айлық беріп келді, ай сайын 5000 ұстайды. Соның бәрін қайда жіберді?!
Қайсы қаржы қай қалтаға кеткенін құмалақпен бал ашсаң да, тап басып таппайсың. Өйткені арызданып, тоздырмаған табалдырығы қалмаған жұмысшылардың. Іздеп келеді, әкімшілігінің есігін қағады, бірақ ондағылар ашпайды. Ішінен құлыптаған күйі үн қатпайды, ешкім. Бірақ бүгін компанияның әлдеқайдан келген өкілі сөз алды, сөйтсек, “ДЭУ” автобекеті жұмысшылардан бөлек, 12 жерге қарыз екен. Оны кімнің өтейтінін өкіл жарытып айта алмады, «жалақы төлеу керек» деп құтылды.
Ерік Есімбаев, “ДЭУ Автобаза” АҚ-ның өкілі:
- Жұмысшылар 13-ші емес, заң бойынша жалақыны бірінші береді. Сол үшін басқа тыйым салуды шешіп, бірінші жұмысшыларға беру керек.
“ДЭУ”-дің тек жұмысшылар алдындағы қарызы 95 млн. теңгеден асқан.
Алматының ажарын кіргізіп, қоқысын қиқымына дейін тазалайтын техника, турасын айтсақ, темір-терсекке айналған. Құдды бір бұл жер қу темірлер мазарыма дерсіз. Бас-аяғы 500-ге жуық көлік тұр. Не табыс әкелмейді, не жүріске жарамсыз.
«Қаңтарылып тұрған техниканы сатып, табысымызды төлесін!» -деп тепсінді азаматтар. Айтпақшы, айтып ауыз жиғанша, тәртіп сақшылары да тобымен төніп келді. Бірақ олардан да қайран жоқ. Енді барлығы алдағы жұмада өтетін жұмысшылар мен автобекет арасындағы сотта шешілмек. Қара қылды қақ жаруда солардың еншісінде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!