ГАТОБ артистері: Балет былыққа айналып, операның ойраны шықты!
Автор: Дастан Шымырбай
11.10.2011
Балет былыққа айналып, операның ойраны шықты. Алматыда Абай атындағы Академиялық опера және балет театрының 100-ден астам артисі осылай деп шулады. Өнер иелерінің айтуынша, 70 жылдан астам тарихы бар театрдың шығармашылық жұмысы басшылық кесірінен шыңырауға түсіп барады. Сондықтан олар бірігіп, Елбасы мен Мәдениет министрлігінен өнерді арашалап қалуды сұрап арыз жолдады. Ал театр жетекшілері: «Мұның барлығы жала, жұмыстың соңғы 10 жылда өрлеген тұсы осы»- дейді.
Театрдың сырты жарқырап тұрғанымен, іші былыққа толған. Мұндағы қызметкерлер басшылық театрды «жекешелендіріп алғандай» дейді. Айтуларынша, өнерге тиісті көңіл бөлінбейді, сахнаға арналған киім мен декорацияның жаңартылмағанына жарты ғасырға жуықтаған.
Қанат Матанов, Абай атындағы Академиялық опера және балет театрының артисі:
- Костюмдер жетіспейді. Бұрынғы 60-70 жылғы костюмдерді киіп жатырмыз. Тозығы жеткен, түсі кеткен. Бірақ та осының бәріне ақша жоқ.
Наразы болған өнер иелері театрдың қаржылай жұмысының да «көлеңкелі тұстары көп»дейді. Одан бөлек арызданушылардың айтуынша, бас балетмейстер, музыкалық жетекші және театрдың бас директоры өз міндетін атқара алмай отыр. Тіпті осы театрдың жөндеу жұмыстарына бөлінген 54 млн. теңгені ұрлады деген айыппен 5 жарым жылға шартты түрде сотталған бұрынғы бас директор Қуаныш Оразғалиевтің көркемдік жетекші болғаны артистердің шамына батқан. Сондықтан олардың алды жұмыстан бас тартыпты.
Ұлан Бәденов, бай атындағы Академиялық опера және балет театрының бұрынғы артисі:
- Ұят тіпті. Сондықтан қуып жібермей тұрғанда деп, жұмыстан өз еркіммен кеттім. Астанадағылар осыны неге қарамайды? Өздеріне алсын, өнерін талқандасын,керек болса. Бізде екі адам бар, соларды әкетсін.
Қанат Қаражанов, Абай атындағы Академиялық опера және балет театрының артисі:
- Алдымен бізге құлақ салатын адам болса... Қазір бәрі арызданудан шаршады. Бәрібір еститін ешкім жоқ дейді. Өнердің сапасы туралы айтуға ауыз бармайды. Бәрі бет-бетімен кетті. Береке жоқ.
Ал театрдың бас директоры мұндай арыздың көптігінен шаршаған. Ол мұны өнердегі, әсіресе, балетте жүріп 40-қа келіп, ешнәрсеге жарамай қалған кәрілердің «керітартпа әрекеті»деп бағалады.
Валентин Пак, Абай атындағы Академиялық опера және балет театры бас директоры міндетін атқарушы:
- Бұл шудың барлығы балет бөлімінде істейтін екі адамның әрекетінен туындап отыр. Арызға 114 адам қол қойған дейді. Бірақ кейін анықтадым, көбі алданып қалған. Соңғы жылдары олар бірнеше рет арыз түсіріп, есті кетірді. Ал театрдың жұмысы жыл санап жақсарып келеді.
Жалпы балет бөлімінде соңғы 3-4 жылда тыныштық болмапты. Артистердің айтуынша, осы уақыт ішінде мұнда жұмысқа кіріп, шыдамай шығып кеткендердің көптігі соншалық, олардан 3 театр құруға болады екен. Енді наразы топ Елбасы мен министрліктен жауап күтпек. Егер өнер иелерінің бұл мәселесі бір жақты шешілмесе, арызға қол қойған 100-ден астам адам театрда жұмыс істеуден бас тартпақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!