Шымкенттік тұрғын Ілияс Есенберлин атындағы көшеге өз есімін бермекші
Автор: Бекжігіт Мәуленов
13.10.2011
Шымкентте жергілікті тұрғын қазақтың әйгілі жазушысы Ілияс Есенберлинмен бәсекеге түсіп жатыр. Бұл жерде мәселе жазушының есімі берілген көшеде болып тұр. Ол «Есенберлин» деп осыдан төрт жыл бұрын аталған. Көшедегі бірнеше үйге қаладағы «Қазақ тілі қоғамы» деп аталатын ұйым басшысы өзінің есімі жазылған тақтайшалар іліп қойыпты. Алайда бұл белгілер бірнеше күннен соң алынып тасталған. Бірақ, Есенберлиннің есімімен ерегескен азамат енді өз аты жазылған тақтайшаларды тауып беруін талап етіп отыр.
Қаланың қалтарысындағы бір тар көшенің қазақтың тарихын трилогияға түсірген Ілияс Есенберлиннің атымен аталғанына төрт жыл болған. Атақты жазушының есімі қаланың орталығы емес, көзден таса көшеге берілгені тұрғындардың та титығына тиіп жүр.
Мәдина Увалиева, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Есенберлин. Біздің мына көше өзінің атына сай емес. Мысалы,барлық жерде қоқыс.
Жазушының атындағы көше тағы бір қорлық көрді. Қаладағы «Қазақ тілі қоғамы» деп аталатын ұйымның басшысы осы көшедегі Ілияс Есенберлиннің есімі жазылған тақтайшаларды алып тастаған. Ондағы мақсат - көшеге өз есімін беру.
Жақсыбек Жалмырзаев, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Ол үлкен қылмыс қой! Оның да себебі бар шығар. Көріп,тексеру керек.
Атын Алаш ардақтайтын жазушымен көше үшін таласқа түскен кісі өзін «Қазақ тілі» қоғамының президентімін деп таныстырған Дархан Құралұлының тақиясына танымал жазушының аты тар келіпті. Бұрынғы әдебиет пәнінің мұғалімі Есенберлиннің есімінен жаңылғанын естіп,бір таңырқасақ, мына сөзі тіпті жағамызды ұстатты.
Дархан Құралұлы, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Есенберлин деген общым жоқ. Есенбердин деген болған. Ол кісіні мен общым... былайша... баяғыда, Совет одағы жүргенде... Есенберлин... Есенбердин деген таза қазақ емес.
Өзін Есенберлиннен еңселі санаған азамат көшедегі бірнеше үйге есімі жазылған тақтайшаны іліп те қойған екен. Бірақ құзырлы органдар оны тез алып тастаған. Енді Дархан Құралұлы тіпті сол тақтайшаларды қайтаруды талап етіп отыр. «Әйтпесе сотқа берем» - дейді. Айтқандай, қазір жергілікті мәслихаттың шешімімен бекітілген көшенің атауын өз бетінше өзгерткен азаматтың өзіне қатысты сотқа арыз түскен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары