Астанадағы ана мен бала орталығын жас ана сотқа бермек
Автор: Ғабит Ұзақбай
13.10.2011
Астанада медицина саласында кезекті дау туындап отыр. Қазақстандағы ең мықты перзентхана саналатын Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының дәрігерлерін сонда босанған жас ана сотқа бермек. Прокурорлардың есебінше, Астанадағы нәрестелердің шетінеп кетуі соңғы кезде жиілеп кеткен. Дәрігерлерге өкпесі қара қазандай жас анамен тілшіміз Ғабит Ұзақбай кездесті.
Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында негізінен барлық аймақтан ең ауыр жағдаймен және мемлекеттің көмек квотасымен жеткен аналар босанады. Орталықтың ең басты міндеті осы. «Бірақ квотамен келгендер тасада қалып, елене бермейді» - деп ашынады кейбір аналар. Солардың бірі - Гүлжан Қарсақпаева. Осында жатқанына 40 күн, босанғанына 30 күннен асқан. Дүние есігін жаңа ашқан кішкентай қызының миына қан кетіп, ауыр халде, қимылсыз жатыр. Ал дәрігерлер Гулжанды енді ана болу мүмкіндігінен айырған. «Осының бәріне уақтылы, дұрыс қарамайтын дәрігерлер кінәлі» -дейді жас ананың өзі.
Гүлжан Қарсақпаева, ана:
- Әрбір квота оларға үлкен ақша. Ақшаның соңында жүрген адамдар. Мында операция жасайтын бір-ақ пышақ бар. Егер біреуге жасап жатса, нашарлап жатқан екіншісі күтіп тұрады. Мында дәке де, балаға қоятын катетер де жоқ. Айтпайынша дәрігер шақырмайды, дәрі-дәрмекті уақытында қоймайды.
Есесіне, еліміздегі ең мықты перзентхана саналатын бұл орталықтың ақылы қызмет көрсетуге де мүмкіндігі бар. Осында жатқандардың айтуынша, бұл жерде квотасыз босанып шығу үшін 400 мың теңге төлесеңіз болғаны. «Сондықтан квотамен келушілерді мұндағы дәрігерлер жақтыртпайды», - деп кеиіді жас ана.
Гүлжан Қарсақпаева,ана:
- Көмектесе алмасаңдар – жіберіңдер, кетейін, Израильге – дедім. - Ол жақтағылар емдеп бере аламыз деп отыр. Мында күтіп жатыр, менің баламның қашан өлетінін.
Орталықтағы дәрігерлердің салғырттығына осында бір жыл бұрын босанған Инна Федина да өкпелі.
Инна Федина:
- Ауыр босандым, балама әу-бастан дұрыс қарамады, дәрі шамадан көп егілді.
Орталық басшылығы бізге сұхбат беруден әзірге бас тартты. Ал
Астанадағы ана мен бала денсаулығы төңірегіндегі ахуалдың нашарлағанын прокурорлар да растап отыр.
Илья Корчагин Астана қаласы прокуратурасы экономикалық-әлеуметтік саладағы заңдылықты бақылау басқармасының прокуроры:
- Осы жылдың жеті айлық қортындысы бойынша қала бойынша 19 нәрестенің өлімі тіркелді. Бірақ бұның әрқайсысының себеп-салдары әртүрлі. Оның ішінде әйелдердің өз денсаулығына қатысты да себептер бар. Бірақ бұл ақпараттың бәрі тәуелсіз сарапшылардан алынып отыр.
Қазір Гүлжан Қарсақпаеваның туысқандары балаға шетелде операция жасату үшін есеп-шот ашып, қаржы жинауды жоспарлап отыр. «Баланы бұл жерде құтқарып қалу мүмкін емес» -дейді Гүлжан. Әбден төзімі таусылған ана енді дәрігерлерді сотқа бермек. Өйткені күн өткен сайын көз алдындағы баласынан күдері үзіліп барады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары