Астанада су үшін нағыз күрес басталды
Автор: Әлия Нұрлан
13.10.2011
Астанада су үшін нағыз күрес басталды. Жекеменшік үйлерде тұратын халық бас қалада су беру жүйесін жаңартуға қарсы. Тұрғындар бұрынғыдай ескі колонкаларды қолдануды жөн көреді. Өйткені құбырларды тарту үшін көбінде қаржы жоқ. Ал бюджет есебінен бұл жұмыстарды атқару қарастырылмаған. Осылайша су дауының бір емес, бірнеше жылға созылатын түрі бар.
Елорданы көркейту жолында колонкалар кедергі болды. Шенеуніктердің пікірінше, бұл қондырғылар өткен ғасырды сипаттайды. Алайда жекеменшік үйлердің тұрғындары ең алдымен көше әсемдігін емес, шөлдерін қандыруды ойлайды.
Мәриям Бірсәрина, тұрғын:
- Су мүлдем жетпейді! Күніне бәлен рет тасимыз, анау,жақ алыстан тасимыз!
Осылайша су көзінен айрылғандарға өзге жерге баруға тура келеді. Сондықтан бірең-сараң колонка жанында күнделікті қарбалас.
Динара Қазымова, тұрғын:
- Біреулер машинамен келеді, бес литрлік ыдыстарымен әкеліп, толтырып алып кетеді. Біз тұрамыз, бір кір жуу үшін кезекте жарты сағат тұрып шығамын.
Колонка қазір бірнеше көшеге бірдей қызмет көрсетуде. Алайда алдағы уақытта оны алып тастау көзделіп отыр. Мүлдем ауыз сусыз қалғысы келмейтін халық енді жалғыз су көзін күні-түні күзетуге мәжбүр.
Қазірдің өзінде қалада 200 колонканың көзі жойылды. Кезекте әлі 300-ден астамы тұр.
Әлия Смағұлова, тұрғын:
- Бізге ауыр болды, биылғы қыс өте қиын өтті. Өйткені біздің көшеде бір колонка жұмыс істеген жоқ. Сондықтан әр жақтан тасыдық Ал енді бәрін алып тастаса, біз ертең қайда барамыз?
Ақша болса ешқайда бармай-ақ қоюға болады. Өйткені коммуналдық жүйе жаңаруымен суды үйге кіргізуге мүмкіндік бар. Тұрғындардың есептеуінше, бұл игіліктің бағасы кемінде 300 мыңға түседі.
Болат Қалқабек, тұрғын:
- Өздерінің ақысын ала алмай жүрген кісілер бар. Сондықтан бұл су – ең бірінші, адамға керек нәрсе ғой, соны зарлатпай, Үкімет дұрыстап берсе, біз Үкіметке риза болар едік.
Халық әдеттегідей тегінге үміт артады. Ең болмаса құбыр тартқаны үшін су арнасы мекемесімен біртіндеп есептесуді қалайды. Бірақ коммуналдық сала өкілдері «судың да сұрауы бар» дегенді айтады.
Сергей Вилков, «Астана су арнасы» МКМ бас директорының орынбасары:
- Қалалық су арнасы қарызға бере алмайды, ол банк емес қой. Және өзімізді шығынға батыра алмаймыз. Егер жұмысты істесек, біріншіден аванс алуымыз қажет, ал болғаннан кейін барлық сомманы талап етеміз.
Қалай дегенмен арнайы бағдарламаға сәйкес, үш жылдан кейін Астанада бірде-бір колонка қалмауы тиіс. Әзірге тек зәулім үйлер аумағы тазартылды. Алайда қарапайым халықпен келісу қиынға соғатын сыңайлы. Тұрғындар колонкаларын тіпті қоршап алуға дайын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!