Масқара! Отандық компания қазақ тіліне қысастық қылатын күнделік басып шығарыпты
Автор: Нартай Аралбайұлы
13.10.2011
«Байрақтағы күн жаңқалай молшылықтың негізінің астығы және аманшылықтың формаларын алады барлықтан қапылыста сондықтан барлықтан қапылыста емес!» - бір нәрсе түсіндіңіздер ме? Бұл - жаңадан шыққан оқушылар күнделігіндегі біздің байраққа берілген анықтама. Дәптерде бұдан да сорақы жолдар бар. Елтаңбадағы пырақтарды «қияли ат», ал киіз үйдің уықтарын «уыковы» деп жазған. Тілді келемеж қылған, яғни сол күнделікті шығарған компания басшылығы, тіпті, қымсынып отырған жоқ. «Ешкімге есеп бермейміз» -дейді. Ал бұл масқараға шыдамаған тіл мамандары сотқа шағым түсірген.
Қоғамда қазақ тілін шөктіргендер аз емес. Құлаққа оғаш естілетін тіркестерді де алғаш рет тізіп отырған жоқпыз. Бірақ бұл жолы тыңнан түрен салмақ болды мА,қайдам, әйтеуір, Отандық компания оқушылар күнделікті сөмкелерінен тастамайтын күнделік басып шығарыпты. Сырты сәнді, көз тойдырады. Бірақ Қытайда тапсырыспен басылған күнделіктің қазақ тіліне қысастық қылғанын құпияда қалдыра алмадық.
Күнделікті көрмей, масқараны білмей жүр екенбіз. Қазақтың тілі жүрелеп қалды деп дабыра жасап жүргенде, рухани азғындауды енді ес білген ертеңгі қазақтан бастапты. Даудың басы кәдімгі күнделік. Сыртына “Астана” деп ағылшынша әлем-жәлем жазылған әлгі күнделік ішімізден ылаңдап бастапты. Бұл қай сасқаны, қазақшылыққа салып, бәлкім байқамай қалған болар деп жауапты мамандарға жүгіндік. Қарсы алғандар да қатені көріп, жағаларына жармасып отыр. Бірақ шара қолдануға олар қауқарсыз.
Күләш Есеналиева, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы:
- Әркімнің пікірі әр түрлі. Мына күнделікке мен 2 деген баға берер ем. 2 деген де аз. Бұл деген өте жарамсыз дүние. Біз Алматы қалалық прокуратураға жолдадық, құзіретті орын болғасын, шара қолданады деп ойлаймыз.
Қате жазып, оны қазақтың қара домалықтарына жаппай таратқан компанияның тірлігін 30 жыл өтілі бар ұстазға да айттық. Көргенсіздікті көрсін деп апардық. Шетінен сардар келетін жас қазақтарды тәрбиелеп жүрген ұстаз да «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда»көрді.
Райхан Кіршібаева, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің мұғалімі:
- «Мемлекеттік туымыздың бүркіттің самғауық сұлбасы» деп жазған. «Қазақстан бірлігінің фоны» дейді. Біртүсті дегеннің орнына «одноцветиесі» деп жазып берген. Байрақты «күн шаңқай» дейді. Бір мәтінде бірнеше қате көріп отырмыз. Осыны жазған адамдар да, осыны баспаға басқан да, оқыған адамдар да біздің қазақтығымызға зиян келтіріп отыр.
Қысқасы, мемлекеттік рәміздерімізді өскелең ұрпаққа таныстыруынан түк түсінбедік. Келеке, келемеж тіркестерден басқа. Қолдары қазақша жазбайтындар елтаңбамызды «герб» деп, ал ондағы пырақтарымызды «қияли аттар» деп қойып қалған. Шаңырақтың уықтарын «уыковка» деп салыпты. Алғашқы парақтарында да қате қаптап жүр. Тіптен әнұранымызды олпы-солып жазып, екінші бөлімінің бар екенін ұмыт қалдырған. Жібі түзу жазуы жоқ күнделікті басып сатқан - компанияның басшылығы. Бірақ, табалдырықтан аттасымен,тарпа бас салады.
- Біз білгіміз келеді,бұл не сұмдық екенін?
- Вы мешаете работать, өшіріңіз камераны, выключите. Шығыңыздар!
Қазақшаны қораш көретіндердің орысшасы олқы емес. Бірақ, жауап берем деген қызметкердің қарасын көрмедік. Тілімізді келеке етіп, «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңды белшеден басқандарды тәртіпке келтіріп, тезге салар тірі пенде болмады. Кінә кімнен, әйтеуір әркім ойына келгенін жазып, жазадан сытылып, әңгіртаяқтан құтылып кететін болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары