“Медеу” 2012 жылғы әлем чемпионатын қабылдау мәртебесіне ие болды!
Автор: Төлеген Жұмабек
18.10.2011
Таудағы “Медеу” мұз айдыны тұңғыш рет допты хоккейден әлем чемпионатын қабылдауға дайындалу үстінде. Халықаралық допты хоккей федерациясының 2012 жылғыәлем чемпионатына қатысты таңдауы 7- қысқы Азия ойындарын абыроймен атқарған “Медеуге” тоқтапты. Алдағы демалыс күндері әйгілі спорт кешенінде Ресей мен Швеция құрама командалары өзара сынақ бәсекелерін өткізеді.
“Рекордтар фабрикасы” атанған таудағы “Медеу” мен допты хоккейден орасан жетістіктерге жеткен Алматының “Динамосы” жайлы ұзақ айта беруге болады. “Медеудің” жылдам мұзы, динамолық хоккейшілердің жеңісі- бәрі әлі күнге көз алдымызда. Бір әттең-айы, сол жеңісті жолымыз жалғасын таппай келеді. Бүгін “Медеу” адам танымастай өзгерген. Елімізде өткен тұңғыш Ақ Азиада бағдарламасы аясында допты хоккей додасын қабылдаған әйгілі мұз айдыны білікті мамандар тарапынан өте жоғары баға алды. Заманауи технологиямен жабдықталған “Медеуіміз” қыз жасауындай құлпыра берсе, құда түсетіндердің саны да арта түсері анық. Міне, сол аты әлемге танымал “Медеу” 2012 жылғы әлем чемпионатын қабылдау мәртебесіне ие болып отыр. Алдағы чемпионатқа қатысушылар мұхит бетінен 1691 метр биіктікте орналасқан айдынның сапасын тексеру және таулы жердің климатына бейімделу мақсатында Қазақстанға ат басын бұрып отыр. Олардың алды Ресей мен Швеция қазанның 21-22 күндері “Медеуде ” өзара сынақ матчтарын өткізуді ұйғарыпты. Ал 2012 жылғы әлем чемпионаты қаңтар айына жоспарланған.
Бүгін футбол сүйер қауым Еуропа чемпиондар лигасының кезекті тур ойындарын тамашалайды. Қос матчтан мүмкін болған алты ұпай иеленген “А” тобының лидері “Бавария” бұл жолы Италияға сапар шегеді.
Баварлықтардың биылғы ойын өрнегі керемет. Соңғы он екі кездесуде қақпасына бір доп жібермеген Мануэль Нойерді бүгін “Наполидің” мергендері сынаққа алады. Бундеслиганың лидері кезекті турда “Гертаның” қақпасына жауапсыз төрт доп соқса, “Наполи” осыдан екі күн бұрын өз алаңында 1:2 есебімен “Пармаға” жол берді. Дегенмен “Наполи” әзірге төрт ұпаймен өз тобында екінші орында келеді. Осы топтағы екінші ойында Англия премьер лигасының лидері “Манчестер Сити ” өз алаңында “Вильярреалды” қабылдайды. Ішкі чемпионатта жолы болып тұрған Роберто Манчинидің командасы үшін бүгінгі бәсекеде жеңіс ауадай қажет. Олардың есебінде бары-жоғы 1 ұпай десек, өткен екі матчта да жеңіліс тапқан испаниялық клубтың жағдайы одан да мүшкіл.
Англия премьер лигасының тағы бір белді клубы “Манчестер Юнайтед” үшінші турдың ойынын Бухаресте жергілікті “Оцелулмен” өткізеді. Алекс Фергюссоның шәкірттері де топтық раундты сылбыр бастады.
Алдымен Лиссабонда жергілікті “Бенфикамен” ұпай бөліскен “Манчестер Юнайтед” екінші турда “Базельмен” тең түсті. Олардың бүгінгі қарсыласы “Оцелулдың” қоржыны әзірге бос. Орталық қорғаушы Рио Фердинандқа демалыс берген Алекс Фергюссон оның орнын тамыз айынан бері жасыл алаңнан көрінбей келген Неманья Видичке тапсырыпты. Осы “С” тобындағы екінші бәсекеде әзірге төрт ұпайдан жинаған “Базель” мен “Бенфика” кездеседі.
Футболдан Аргентинаның жоғары дивизионында 11- турдың нәтижелері белгілі болды. Турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келе жатқан “Бока-Хуниорс” өз алаңында “Бельграно” клубымен ұпай бөлісті.
Сүйікті футболшыларынан жеңіс күткен жергілікті жанкүйерлердің бұл үміті ақталмады. Алаң иелерінің бүгінгі бәсекеде есеп ашатын мүмкіндіктері аз болған жоқ. Бірде қонақтардың қақпашысы шеберлік танытса, тағы бір ойын сәттерінде аладоп қақпадан қиғаш кетіп жатты. Осы турда “Велес Сарсфилдті” қабылдаған “Ланус” өз есебінің үдесінен шықты. Ойын нәтижесі 2:1. Кездесудің 34-минутында пенальтиді дәл орындаған Валери мергендік танытса, көп кешікпей Кантерос есепті теңестіріп үлгерді. Алайда ойын аяқталуға санаулы минуттар қалғанда оңтайлы сәтті бос жібермеген Ортис “Ланусқа” жеңіс сыйлады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!