Павлодар: Жетекшінің маңайы ит, мысықтардың қорымына айналған
Автор: Айжан Әлібек
18.10.2011
Павлодар іргесіндегі Жетекші ауылының маңайы ит, мысықтардың өлексесі тасталынатын қорымға айналған. Бұл сұмдықты көрген тұрғындар дереу тиісті органдарға хабарлапты. Сөйтсе, елдімекеннен қол созым жердегі шұңқырға өлекселерді қаңғыған төрт аяқтыларды құртумен айналысатын «Ватсон» ЖШС-гі тастай салған көрінеді. Енді қолқаны жаратын қолаңса иістен ауыл халқы зардап шегіп отыр. Оның үстіне бұл шұңқыр түрлі індеттің ошағына айналуы мүмкін.
90-шы жылдары Жетекші ауылы маңында ауыл шаруашылығына қажетті химиялық қоспалар өндіретін кішігірім кәсіпорын жұмыс істеп тұрған. Бүгінде тоқырауға ұшыраған мекеме ғимараты жермен-жексен болып, қоқыс алаңыңа айналды. Бұл аздай, енді мұнда өлген малды да тастайтын болған.
Федор Стеблюков, Жетекші ауылының тұрғыны:
- Дәл осы жерде малымыз жайылады. Ол малдың етін жейміз. Өзіміз үшін де, балаларымыз үшін де алаңдаймыз. Жел осы жақтан соқса, демалу мүмкін емес.
Ауыл маңын өлген жануарлардың қорымына айналдырғандарды табу қиынға соқпады. Жергілікті билік бұл қаңғыған төртаяқтыларды құртумен айналысатын «Ватсон» фирмасының ісі деп отыр. Себебі:өткен жылы да олар дәл осылай жауапсыздыққа барған екен. Дегенмен болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ғана құзырлы органдар қажетті шараны қолға алған.
Гүлбаршын Баубекова, Жетекші ауылының әкімі:
- Демалыс күндері «Ватсон» ЖШС-гі мына жерлерге иттерді өлтіріп тастаған. Сол себепті мен Павлодар қаласының прокурорына хат жаздым, серіктестікті заң бойынша жауапқа тартсын.
Тендерді ұтып алған «Ватсон» ЖШС-не биыл бұралқы ит-мысықтардың көзін жою үшін бюджеттен 12 млн теңге қаржы бөлініпті. «Қаржыға көше кезген 6 мың ит пен 600-дей мысықтың көзін құрттық. Ал ауыл іргесіндегі өлекселер шу шығаратындай жағдай емес» - дейді ондағылар.
Күлжиян Қарасартова, «Ватсон» ЖШС директоры:
- Бізден басқа ауыл тұрғындары да ол жерге ірі қара малды тастайды. Талап бойынша, ит-мысықтарды каустикалық содамен ғана заласыздандырамыз, ал оларды өртеуге рұқсат берілмеген.
Мал дәрігерлері де өлген мал мен ит-мысықтарды көметін орынның аздығын алға тартады. Бір ғана Павлодар қаласы мен іргелес жатқан ауылдарға бар жоғы бір-ақ мал қорымы қарастырылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!