Барар жер, басар тауы қалмаған красногорлықтардың жағдайы мүшкіл
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
26.10.2011
Ақмола облысының Красногорск кентіндегі жұрт тағы шулап жатыр. Су, жарық сияқты өркениет атаулыдан әлдеқашан айырылып, қаңырап қалған елдімекен тұрғындары екі айдан бері наразылық білдіріп, аштық та жариялаған болатын. Бірақ олардың жанайқайына құлақ асатын ешкім болмай тұр. Мәселе Мәжілісте көтеріліп, Премьер-министрге сауал да жолданды. Алайда Үкіметтен тұралап қалған қала тұрғындарына «ешқандай көмек берілмейді» деген тілдей қағаз келді. Барар жер, басар тауы қалмаған жұртпен Ақмола облысындағы тілшіміз Айзат Тұрғынбекқызы тілдесіп қайтты.
Красногорда кен орнындары жабылғалы мұндағы тіршіліктің тұралап қалғанын бұған дейін де айтқанбыз. Жұрт жылу, жарық, судан ажыратылған үйлерін тастап, даладағы қора-қопсыға қоныстануға мәжбүр. Ал босап қалған үйлерді Есіл ауданының әкімдігі «мемлекет қажеттілігі үшін» сатып жіберген. Кенттегі елдің жайы Мәжілісте көтеріліп, Үкіметке сауал жолданғанда, жұрт бір көмек болар деп, үміттенген еді. Олар биліктен бар болғаны болашағы жоқ қаладағы баспаналары үшін өтемақы сұраған. Бірақ Үкіметтұралап қалған қалаға «ешқандай көмек көрсете алмаймыз»деген қысқа жауап келді.
Наталья Семенко, Красногор кентінің тұрғыны:
- Үкіметке дейін дауысымыз жетті деп қуанып едік. Мына жауапты оқығанда, ендігі күніміз не болады деп ойладық. Облыс басшылары арнайы бағдарлама даярладыдейді. Қайда ол бағдарламасы?!Ешкімге қажет болмай қалдық қой!
Виктор Крюков, Красногор кентінің тұрғыны:
- Мынандай жауаппен Мәсімов мырза бізді де, депутаттарды да ақырын ғана шетке ысырып қойды. Бұған депутаттар да келіскені таң қалдырды.
Мұнда мүгедектерге қамқор болар құзырлы орган да жоқ. Мәселен, ақыл есінен алжыған 52 жастағы жалғызбасты мүгедек әйелді тұрғындар арнайы мекемеге жабылып жүріп орналастыра алмай келеді.
Дмитрий Романюк, Красногор кентінің тұрғыны:
- Аштық жариялағанымыздан түк шықпады. Тым болмаса жергілікті шенеуніктер мүгедектерге қараса ғой. Мен енді автобус жалдап, осындағы барлық мүгедекті аудан әкімдігіне апарып кіргізем.
Премьер-министрге өкпелері қара қазандай тұрғындар жағдайды айтып, тағы Астанаға хат жолдады. Дәл қазір жұрттың шымбайына батқан - жылу мәселесі. Себебі:пәтерлер әлдеқашан орталық жылу жүйесінен ажыратылған. Ал қолдан жасалған пештерден ыс тиіп, кезек-кезек ауруханаға түсіп жатқандар көп. Кеше ғана осындай бір тұрғын жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!