Абақтыда отырғандарға да сый жасалмақ
Автор: Ғабит Ұзақбай
26.10.2011
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай абақтыда отырғандарға да сый жасалмақ. Үкімет оларға рақымшылық жасау үшін бүгін Парламенттің Төменгі палатасына арнайы заң жобасын таныстырды және ол бірауыздан мақұлданды.
Тәуелсіздік тарихында бұл жетінші рақымшылық шарасы. Бұл жеңілдікке ең әуелі жеңіл қылмыс жасағандар, мүгедектер, көпбалалы аналар және зейнет жасына жеткендер ілігетін болады. Қазір заң жобасы Мәжілістен өтіп, Сенатқа жолданды. Одан кейін Елбасының қарауына жіберіледі. Президент қол қойып, мақұлдаған сәттен бастап, 11 мыңнан аса сотталушы бостандыққа шықпақ.
Әмірхан Аманбаев, ҚР Әділет министрінің орынбасары:
- Сұрақтар туындап жатыр, бұрын 35 мың болса, бүгін неге 11 мың деп. Жылдың басында заңды жеңілдетуге байланысты 3 мыңға тарта адам босатылған болатын. Сондықтан қазіргі 11 мың,оның 2,5 мыңдайы тергеу органдарына шығады. Ал қалған 9 мың 300 - инспекция бақылап отырған адамдар. Заңда осындай екі өзгешелік бар.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты жасалатын рақымшылық 11 мыңнан астам адамды қамтитын болады.
Оның ішінде 2142 адам бас бостандығынан айыру орындарынан босап шығады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде журналистерге берген сұхбатында Әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев мәлім етті.
Мәжілістің бүгінгі күн тәртібінде «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Зң жобасы енгізілген болатын. Бұл ретте заң жобасында онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарына қатысты рақымшылық жасау көзделген. Сонымен қатар бұған дейін рақымшылыққа шамамен 35 мыңға тарта адам ілігеді деп жарияланған болатын.
«Жалпы, рақымшылық 11 мыңнан астам адамды қамтиды. Бұған себеп, жыл басында қолданыстағы заңдар ізгілендірілген болатын. Соның арқасында істі болған біршама адам жазадан құтылды. Ал, 11 мың адамның 2142-сі бас бостандығынан айыру органдарынан шығады. Қалған 9300-ге жуығы бақылау инспекциясында тұрғандар және шартты түрде жазасын өтеушілер», - деді Ә. Аманбаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!