Өскемендегі тұрғын үйлердің тең жартысына жуығы әлі жылусыз отыр
Автор: Эльмира Ахметова
26.10.2011
Өскемен қалаcындағы тұрғын үйлердің тең жартысына жуығы әлі жылусыз отыр. Қыс тақағанда тұрғындар мен шенеуніктер арасындағы осыған қатысты дау шиеленісіп барады. Халық тұрғын үй коммуаналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының жауапсыздығынан әбден мезі болғандарын айтуда. Шығыс өңірдегі қара суыққа қарамастан, шенеуніктер аталмыш үйлерге жылуды «қазанның соңғы күні береміз» деуде.
Куйбышева көшесіндегі тозығы жеткен үйдің тұрғындары коммуналдық шаруашылық бөліміне күнде хабарласып, мезі болған. Ол жақтағылар жұртты «Өскемен жылу» мекемесіне сілтейді.
Ал «Өскемен жылу» өз кезегінде жылудың жоқтығына қалалық әкімдікке қарасты осы коммуналдық бөлімді кінәлайды екен.
Сөйтіп баспаналары пана болмай, әбден мазасы кеткен тұрғындарға қымтанып алып жан бағудан басқа шара жоқ. Кәрі құртаң да, бала-шаға да азынаған үй ішінде пимамен отыр. Ал қаланың екінші бір шетіндегі Юбилейный көшесінің тұрғындарының да жағдайлары оңып тұрған жоқ. Жас келіншек шиеттей үш баласын тоңдырып алмаудың амалын қарастырып, шарқ ұрып жүр. Жылыту пешін күндіз-түні қосып қойып, электр қуатын да үнемдеуді қойған.
Самал Наукина,Өскемен қаласының тұрғыны:
- Жылы аяқ киім кигізіп, көрпемен орап алдым. Ішкендері - дәрі, қатты жөтеледі. Өзім, міне, бетперде киіп отырмын, балаларым бірінен кейін бірі ауырып, ыстығы көтеріліп жатыр.
Қала басшылығы: «Бұл үйлер тек осы айдың аяғында ғана жылу жүйесіне қосылады» - деп сендірді. Ал өңірде қара суықтың басталғанына талай күн болған.
Дмитрий Кавригин, Өскемен қ., әкімінің орынбасары:
-“Өскемен Жылу” мекемесінің бізді кіналауына негіз жоқ. Шынымен барлық мәселе тұрғындардың қарызында болып тұр. Бұл үйлер бәрібір жылу жүйесіне елдің соңынан, қазанның 31-інде ғана қосылады.
Әлі Өскеменде 90-ға жуық көпқабатты үй жылу жүйесіне қосылуға дайын емес. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұған,біріншіден,тұрғындардың қордаланған қарызы себеп. Екіншіден, дайын үйлердің өздерін қабылдап алуға жылу мекемесінің мамандары үлгермей жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!