Бүтін бір ықшамауданның балабақшасы жабылатын болды
Автор: Жаңалық Ахаш
27.10.2011
Ақтөбеде бүтін бір ықшамауданның бөбектеріне арналған балабақша жабылмақшы. Себебі: шенеуніктер төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мектепке дейінгі мекеменің санитарлық талапқа сай келмейтіндігін енді ғана анықтапты. Ата-аналар болса, бұны балабақша ғимаратын «тартып алудың амалы» деп топшылап отыр. Олар бүлдіршіндерін әкімдік ұсынып отырған қаланың екінші басындағы балабақашаға ауыстыруға үзілді-кесілді қарсы.
Ақтөбедегі «Шапағат» атты балабақшаға балаларын тәрбиелеуге тапсырған ата-аналар таң сәріден бері құзырлы мекемелерге шағымданып, шапқылап жүр. Олар мектепке дейігі осы мекеменің алдағы күндері жабылатындығын бүгін ғана естіпті. Қалалық білім бөліміндегілер бөбектерін өзге балабақшаларға ауыстырамыздеп уәде еткен. Бірақ онысы қаланың шетінде екен.
- Бәріміз жұмыстағы адамбыз. Балалар жақсы үйренісіп қалды. Жаппаңыз, біздің балабақшаны, өтінеміз!
- «1 қарашада жабылады, енді балабақшаға кіргізбейміз» - деді. Қандай құқы бар?!
50 балаға арналған балабақша үшін қалалық білім беру бөлімі осыдан төрт жыл бұрын «Ақбөбек» сауықтыру орталығының ғимаратын жалға алып берген. Сол уақыттан бері құқық қорғау органдары мен санитар дәрігерлер ешқандай олқылықты анықтамапты. Тек бір апта бұрын аталмыш мекемелер бірталай заңбұзушылықтарды алға тартып, балабақшаны жабу туралы ұсыныс білдірген.
Ирина Исаева, Ақтөбе қалалық білім бөлімі секторының меңгерушісі:
- Қазір жаңа балабақша үшін ғимаратты жалға алуға байқау жарияладық. Ата-аналарды ескерттік. Байқау қортындысы белгілі болмайынша, балалар өзге балабақшаларға ауыстырылмайды.
Санитарлар нақты қандай талаптардың сақталмағанын айта алмай отыр. Тек осындай дау-дамайдан соң «Ақбөбек» орталығы да балабақша үшін ғимаратын жалға беруден бас тартқан. Олармен екі арадағы кесілім-шарт жылдың соңына дейін жасалған екен. Енді ата-аналар мен балалар «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» жағдайын кешіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!