Оралда тасқыннан зардап шеккен 5 отбасы далада қалды
Автор: Нартай Аралбайұлы
27.10.2011
Батыс Қазақстан облысында көктемдегі су тасқынынан шеккен 5 отбасы әлі күнге дейін эвакуациялық орталықты паналап отыр. Облыс әкімі үйсіз қалған жұртқа пәтер кілтін таратқанда бұлар сыйдан қағылған. Енді осы бес жанұя бұрынғы балалар ауруханасынан күштеп шығарылмақ. Әкімдік бұл отбасылардың «үй алуға құқы жоқ»деп қорытындылаған. Жайық жағасындағы жұрттың жанарының жасы суалды. Өктемдігі өткірлеу шенеуніктердің шенінің шетіне жасын сүртеді кейуана. Ат төбеліндей бұл топ – көктемде тасқыннан зардап шеккендер. Шаңырақтарын су шайып далада қалғанда барлығы уақытша ашылған орталықтарға орналастырылған. Әлі де сонда. Бес отбасы таң атысы, кеш батысы осы маңда қаңғырып жүр. Уәде етілген үйден қағылғандары - бір, орталықтан қуып шығамыз деп қоқан-лоққы көрсеткендері - екі.
Зәуреш Ерғалиева:
- Комиссия шешімі бойынша бізге тек жөндеу жасайды деп жатыр. Біз мұнымен келіспейміз. Бізді қазір қуып жатыр. Пәтер жалдайтын жағдайымыз жоқ.
Жауапты басшылар олардың «жаңа пәтер алуға құқы жоқ»деп отыр. Айтуларынша, тасқын кезінде баспаналарына зақым келгенімен, жөндесе,тұруға болады. Ал комиссия шешімімен келіспегендерге «сотқа барыңыз»деп кеңес беріп отыр.
Азамат Сафималиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Біз азір заң бойынша үй алуға құқылыларға пәтер беріп болдық, бұл азаматтар егер комиссия шешімімен келіспесе, сотқа беруге болады. Сот шешімі олардың тұратын жері жоқ екенін растаса, үй беретін боламыз.
Соттаспаса сөйлеспейтін мырзалардың бұл қылығы тек қалалықтардың қытығына тиіп қоймады. Арнасынан адасып аққан қызыл су үйлерін талқандаған облыстың өзге өңірлерінің тұрғындары да комиссияның шала шешіміне тістеніп отыр. Ал «қаржы қат»деп бардан қағылғандар енді амалдың жоқтығынан соттың төрелігіне жүгінбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!