Телеарна тілшілерін базардың күзетшілері соққыға жықты!
Автор: Нартай Аралбайұлы
27.10.2011
Тілшілерге шабуыл! Бұл жолы оқиға орнына барып ақпарат алмақ болған «Алматы» телеарнасының тілшілерін автокөлік құралдарын сататын базардың күзетшілері соққыға жыққан.
Оқиға кеше кешкісін болды. «Кар-Сити» сауда орнында кезекті рет өрт шықты деген ақпарат түсіп, іле-шала оқиға орнына аттанған қалалық телеарнаның тілшілерін күзетшілер күтіп алыпты. Қандай да бір ақпарат алмақ үшін ішке кірмек болған сәтте базардың он шақты қызметкері жабылып, әріптестерімізді жұдырықтың астына алған. Қымбат техника талқан боп, тілші мен оператор таяқ жеді. Ал сол жерде жұмыс істеп жатқан өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері болған жайды сырттан бақылап тұрыпты. Тек көшеден өтіп бара жатқан қала тұрғыны ғана араша түскен. Қазір үш азамат құрықталды, Әуезов аудандық ішкі істер басқармасы осыған қатысты іс қозғамақ.
Айбану Анарбаева, «Алматы»телеарнасының тілшісі:
- «Кар-Ситидің» күзетшілері мен қызметкерлері күш көрсетіп,ұрып, бізді сыртқа шығарып салды. Менің күртешемді жыртты, операторымыздың камерасы мен радиоілгекшені сындырды. Сырттан бізге ешкім көмек көрсеткен жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары