Астана тұрғындары сапасыз жұмыс үшін ақша төлеуге мәжбүр
Автор: Әлия Нұрлан
27.10.2011
Жөндеу жөнді емес болып шықты. Астанада тұрғындар сапасыз жұмыс үшін төлеуге мәжбүр. Көпқабатты үйді жөндеу 21 жарым миллион теңгеге бағаланды. Алайда көпшіліктің мұндай қомақты соманы төлеуге мүмкіндігі жоқ. Тіпті бөлгеннің өзінде, берешекті бірнеше жыл бойы қайтаруға тура келеді. Ал қымбат жөндеу қазірдің өзінде ақау бере бастады. Күз келісімен үйдің төбесінен су ағып жатыр. Бірақ бұл «әттеген-айларға»қарамастан, төлемақы мөлшері азайған емес.
Құндызай Балжанова бұл үйде 13 жылдан бері тұрады. Осы уақытқа дейін мұнда күрделі жөндеу жүргізілмеген-ді. Биыл жеке пәтер иелерінің кооперативі ортақ мүлікті жаңартуға бел буды. Бірақ нәтижесі тек халықтың наразылығын тудырды.
Құндызай Балжанова, үй тұрғыны:
- Орысша айтқанда, бұл жөндеу жұмыстары «для отмывания денег». Қазір, әнеки, басқа подъездерден, төбелерден су ағып жатыр. Сонда қандай жөндеу?! Төбені ашып, жапты. Сонда ашқандарынан не пайда, су ағып жатыр!
Тұрғындардың айтуынша, жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Ауыз толтырып айтатындай өзгеріс жоқ. Подъезде қойылған жаңа терезелер ғана көзді қуантады. Ал жылу мен ыстық су әлі берілмей жатыр. Ең қызығы, бұл жөндеудің ақысы 21 млн. 741 мың теңге.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бүкіл республика бойынша іске асырылуда. Биыл бұл мақсатта 6 жарым млрд.теңге бөлінген. Бюджеттік қаржыны тұрғындар пайыздық өсімсіз біртіндеп қайтарады. Жағдайы жоқтарға мемлекет тарапынан жәрдем қарастырылған. Коммуналдық сала өкілдерінің пікірінше, жоба халық үшін аса тиімді.
Вера Мокрослоева, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ тұрғын үй қатынастары департаментінің директоры:
- Жөндеу үшін тұрғындардың өздері төлегенде ғана бұл еңбекті шын мәнінде бағалайды. Енді олар өз балаларын үйді күтуге, ештеңесін бүлдірмеуге үйретер. Өйткені өздері шығынданды ғой. Демек елімізде оң өзгерістер болмақ.Тұңғыш рет қазынадан коммналдық салаға осындай үлкен ақша беріліп жатыр.
Мемлекеттік бағдарлама 2020 жылға дейін жалғасатын болады. Алайда жөнделген үйлер көбейгенімен, наразы халықтың саны да өсуі әбден мүмкін. Жұмыстардың нағыз бағасын тәуелсіз сараптама арқылы ғана анықтауға болады. Бұған да қаражат қажет. Ал жұрттың артық шығынданғысы келмейтіні анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары