«Ана мен бала» орталығының дәрігерлері жаппай жұмыстан кетуге бел буды
Автор: Бекзат Жүсіп
27.10.2011
Шымкенттегі «Ана мен бала» орталығы мамансыз қалайын деп тұр. ВИЧ індетін жұқтырған балалар ем қабылдайтын орталық дәрігерлерінің барлығы бір күнде жұмыстан кету туралы арыз берген. Ақ халаттылар толассыз тексеруден шаршаған соң осындай қадамға барғандарын айтады. Қазір орталық бас дәрігерінің алдында өз еркімен жұмыстан кету туралы 20 қызметкердің арызы жатыр.
Оңтүстік Қазақтан облыстық «Ана мен бала» орталығында ВИЧ індетін жұқтырған балалар ем қабылдайды. Осындай қатерлі дертке шалдыққандармен күнде бетпе-бет келетін дәрігерлер мекемегедегі толассыз тексеруден шаршағандарын айтады. «Аты жаман ауруды жазам деп жүргенде, тексерудің жазатайым құрбаны боламыз ба?» -деп уайымдаған ақ хаттылар жұмыстан өз еріктерімен кетуді ұйғарыпты.
Бақытжан Шәкенов, ОҚО «Ана мен бала» орталығының бөлім меңгерушісі:
- Балаларды емдеуден біз ешқашан жалықпаймыз. Қорықпаймыз да. Бірақ қайта-қайта тексерулер келіп жатқаннан кейін.. солардың сұрағына жауап береміз бе, жоқ , балаларды емдейміз бе?!
Қазір бас дәрігердің алдында осындай мазмұнда 20 арыз жатыр. Оның 17-сі жоғары буын қызметкерлерінен. Яғни бас дәрігердің орынбасарынан бастап, қатардағы емдеуші дәрігерлерде бар. Орталық басшысының айтуынша, олар ВИЧ індетін жұқтырған науқастармен жұмыс тәжірибесі бар өңірдегі теңдесіз мамандар. Ал мекемеге тексерушілер ата-аналардың болмашы нәрсеге арыз түсіретіндігінен келеді екен.
Еркін Құлманбетов, ОҚО «Ана мен бала» орталығының бас дәрігері:
- Кіші медициналық қызметкерлер құрамының тарапынан болмашы кемшіліктер анықталады.Бұл өмір ғой. Барлық адам қателеседі. Ондай мәселені мекеме ішінде шешуге болса да ата-аналар бірден арыз жазуға көшеді. Ата-аналардың жағдайын да түсінуге болады. Перзентінің қандай дертке шалдыққанын ешкімге айта алмай, іштен тынып жүргендері де бар. Ашуын осы орталықтың дәрігерлерінен алады.
«Балаларды СПИД-тен қорғау» қорына біріккен ата-аналардың “Ана мен бала» орталығына деген сұрағы қордаланып қалыпты. Дәрігерлердің жұмысына қанағаттанбаған олар да орталыққа арызданған.
Жанетта Жазықбаева, «Балаларды СПИДтен қорғау» Қайырымдылық қорының төрайымы:
- Соңғы кезде үш баланың ата-анасы арызбен келді. ВИЧ тен бөлек, «С» гепатитін жұқтырған. Осы «Ана мен бала» орталығында емделгеннен кейін. Мұны зерттеу керек. Екіншіден, өте көп айқай-шу, ата-аналардың арыздары. Дәрілерді ұнтақтау, талқандау. Өйткені ол ұнтақталған, езілген кезде ол ұнтақтар балаларға кері әсер әкеледі. Ол үлкен кісілерге арналған дәрі-дәрмектерді 5-6 жасар балаларға беруге болмайды.
«Осындай арыздың мәнін анықтауға «Ана мен бала» орталығына бір күнде бірнеше тексеру қабаттасып келетін кездер де болады» -дейді бас дәрігер. Ал ондағы мамандардың жұмыстан босату туралы арызына әзірге қол қойылмапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!