85 жастағы кейуана ҰОС ардагерінің жесірі екендігін дәлелдей алмай жүр
Автор: Жаңалық Ахаш
31.10.2011
Ақтөбеде 85 жастағы кейуана өзінің Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі екендігін дәлелдей алмай, тиісті жәрдемақыдан қағылып жүр. Жергілікті шенеуніктер оның осыдан отыз жыл бұрын көз жұмған жарының ауырып өлгендігін растайтын медициналық анықтаманы талап ететін көрінеді. Ал бұл құжатқа қол жеткізудің жалғыз жолы - Мария әжейдің күйеуінің көрін ашып, мүрдені сараптамадан өткізу. Қағазбасты шенеуніктердің қайтпайотырғанына тілшіміз Жаңалық Ахаш та көз жеткізді.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Мария Молостовова бір жылдан бері шағым айтып, әкімдіктегілердің табалдырығын тоздырып жүр. Өзінің Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі екендігін дәлелдей алмай, жыл сайын берілетін отыз мың теңге көлеміндегі жәрдемақыдан қағылып отыр. Оған Қорғаныс басқармасы қырық жыл отасқан күйеуінің Отан үшін от кешкендігін айғақтайтын анықтаманы төрт рет беріпті. Бірақ мұны азсынған шенеуніктер кейуанадан күйеуінің ауырып өлгенін растайтын медициналық анықтама сұраған.
Мария Молостовова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Күйеуім 1981 жылы өліп қалса, олар менен 2001 жылғы шыққан қаулыға сай, жаңа медициналық анықтама сұрап отыр. Сонда мен оның көрін ашып, қайтадан сараптама жасатуым керек пе?
Жергілікті шенеуніктерҮкіметтің он жыл бұрынғы қаулысынан «асып кете алмаймыз»дейді. Ондағы өзгерістерге сәйкес, соғыс ардагерін мүгедек деп тану үшін арнайы медициналық комиссияның шешімі керек. Сол кезде ғана оның әйеліне жесірі ретінде жәрдемақы беріледі делінген.
Қуаныш Амантаев, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары:
- Мария Тихоновнаның қолында ондай құжаттар жоқ. Ондай құжаттарды заңнама бойынша дәрігерлік- эксперттік комиссия береді.
Шенеуніктер сұраған анықтаманы алу мүмкін болмағанымен, Мария әжей соғыс кезінде күеуйінің майдан даласындағы госпитальда жараланып емделгендігін айғақтайтын құжатты тауып алыпты. Бірақ билік басындағылар тарихи дерекке де илікпей отыр. Енді кейуана сотқа шағым түсірмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!