Қырғызстан: біраз жұрт аты-жөндерін тізімнен таппай тарқасыпты
Автор: Әйгерім Асқарқызы
31.10.2011
Қырғыз елі тәуелсіз 20 жыл ішіндегі 4-ші президентін сайлады. Жексенбі күні берілген дауыстың 95 пайыздайын санап үлгірген Орталық сайлау комиссияның мәліметінше, Алмазбек Атамбаев алда. 55 жастағы қазіргі Үкімет басшысын сайлаушылардың 60 пайыздан астамы жақтаған. Ал оның басты қарсыластары Адахан Мадуамаров пен Қамшыбек Тәшиев 14 пайыздан аса алмады. Дегенмен жеңілгенін мойындайын деп отырған олар жоқ. Дауыс қайта саналмаса, елді «жаппай ереуілге шығарамыз»деп отыр.
Қырғызстанда жексенбі күні таңғы 8-ден бастап “дауыс беру - ашық” деп жарияланғанымен, 15 сайлау учаскесі жұмыстарын уақтылы бастай алмады. Электр желісінде болған апаттан олар жарықтан ажыратылыпты. Десе де осы науқанды ұзақ күткен айыр қалпақты ағайынның түске шейін 1 млн-нан астамы дауыстарын беріп үлгерген. Алғашқылардың бірі болып сайлау учаскелеріне бас сұққандар арасында қазіргі президент Роза Отунбаева да, премьер-министр әрі президенттікке кандидат Алмазбек Атамбаев та бар.
Бірақ бұл жолғы сайлау да кемшіліксіз болмағанға ұқсайды. Біраз жұрт аты-жөндерін тізімнен таппай, тарқасты. Отунбаеваның ұлы Атай Садыбақасов та осы себептермен өз таңдауын жасай алмады. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясына білек сыбанып барып, шу шығарғандар жетіп жатты.
Мәселен, көрші елде дауыс бергендердің бас бармақтарына оңайлықпен өшпейтін бояумен белгі салынады екен. Бұл жақын туысының құжатымен келсе де, оның орнына дауыс бермеу үшін жасалған. Бірақ айласын асырғандар да табылды.
Сайран Жакиенова, учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:
- Жас жігіттерің де, қыздарың да, барлығы тырнақтарын бояп келгендерін байқап қалдым. Сөйтіп, олар біз салған белгіні үстінен бояп, басқа біреудің құжатымен дауыс бермек болған.
Сайлау учаскелері жабылған соң, тікелей эфирде үміткерлердің жинаған дауыс санын есептеу басталды. Ал бүгін түс ауа алдынала нәтижелері мәлім болды.
Түйгінәлі Әбдрайымов, ҚырғызстанРеспубликасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Атамбаев жеңді! Алдын ала қорытынды бойынша, ол 62 пайыз дауыс жинады. Соңғы нәтиже мен алдын ала есептеудің арасында үлкен алшақтық болмайды, әдетте.
Бірталай заңбұзушылықтардың болғанына қарамастан, шетелдік бақылаушылар: “сайлау жоғары деңгейде өтті” деген баға беріпті. Бірақ олардың бұл пікірімен жеңілген кандидаттар келіспеді. Олар дауыс қайта саналмаса, елде жаппай ереуіл ұйымдастыруға бел буып отырғандарын мәлімдеді. Ал саяси доданың ресми қорытындысы үш аптадан кейін белгілі болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!