Астанада алғашқы қардың әлегі көп болды
Автор: Ғабит Ұзақбай
31.10.2011
Арқа төсі ақ қарға оранды. Өткен демалыстан бері Елорданың қар тазалаушылары күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. Өйткені Астанаға жауған алғашқы қар көлік ағымына қиындық туғызды. Сонымен қоса қатқан қардың тайғағына үйренісе қоймаған тұрғындардың тайып-жығылып, қол, аяқтарын сындыруы күрт көбейіп кетті. Өткен үш күннен бері қаладағы травматология ауруханасына жеткізілгендер саны әдеттегіден арта түскен.
Астанаға биыл қыс ерте де емес, кеш те емес, өз мезгілімен келді дейді көпшілік. Бірақ соның өзінде күздің кемпір шуақ қызуымен енді қоштасқан тұрғындарға алғашқы қардың өзі әжептәуір әлек салды. Әдепкі жауған қардың ұзақ тұрмай еріп кетіп, арты көктайғақ болатын әдеті тағы бар. Табаны тайғанаққа тұрмай немесе абайсызда шалт қимылдап оңбай құлап, қол, аяқтарын сындырып алатындар қатары да осы кезде көбейеді. Қалалық травматология бөлімінің дәрігерлері де, әсіресе, соңғы үш күнде келушілер қатары «күрт көбейді»деп отыр.
Әділбек Жылқыбаев, Астана қаласы Травматология және ортопедия институтының бөлім меңгерушісі:
- Мысалы, жұма күні бір тәулікте 94 адам, сенбіде - 89, жексенбі күні тағы да 89 адам түсті. Басым бөлігі тұрмыстық жарақаттар. Яғни барлығының жағдайы ұқсас – көшеде келе жатып, тайып жығылып, аяқ-қолдарын шығарып, сындырып алғандар. Қазір тұрғындар қар мен тайғаққа енді бейімделіп келе жатыр.
Ал көшені қардан тазарту - тазалаушылардың міндеті. Қазір олардың жұмыс көлемі көбейді. Жауған қарды уақытында жинап алу үшін жұмыскер де, техника да үздіксіз жұмыс істеуде. Содан болар, жанар май құю бекеттері қазір арнайы техникадан босамай жатыр.
Бұл қала көшелерінен жиналған қардың келесі мекен-жайы. Қазірдің өзінде бұл жерге жүздеген текшеметр қар тасылды. Алғашқы жауған азғантай қардың өзін қаладан осында жүк көліктері әлі де жеткізуде.
Ауарайын болжаушылар қар жауып, боранды күндер басталады деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!