Қар жауып, аяз тұрғанда екі ықшамаудан жылусыз қалды
Автор: Ербол Сейілхан
31.10.2011
Қарағандыда алғашқы қар жауып, күтпеген аяз тұрғанда екі бірдей ықшамаудан тұрғындары жылусыз қалды. Бұған демалыс күндері жылу құбырында орын алған апат себеп болған. Енді оның зардабын халық тартып отыр. Осыған дейін жергілікті биліктің жылыту маусымына «толық дайынбыз» деген сөздері тұрғындардың әлі есінде. Ал жауапты мекемелер «апат айтып келмейді» дегенді желеу етуде.
73 жастағы Рәзия әжей екі тәуліктен бері суық пәтерде бүрсеңдеп отыр. Амалы таусылған қария күндіз бүркеніп алып, терезеден түскен күннің болар-болмас шуағына жылынуға мәжбүр. Ал табанынан ызғар өткендіктен, аяғындағы мәсісін күндіз-түні шешпейтін көрінеді.
Рәзия Айдарова, Пришахтинск ықшамауданының тұрғыны:
- Салқын. Шырағым-ай, күндіз осылай бүркеніп жатам.
Рәтәй ақсақалдың да сенбіден бері бойы бір жылымай-ақ қойды. Пәтердегі құбырлар тастай суық.
Рәтәй Сәтбай, Пришахтинск ықшамауданының тұрғыны:
- Кеше күндізгі төрттің кезінде қарасам, мұп-мұздай. Таң атқанша мұздай боп тұрды. Міне, басыма орап алып жатам.
Тұрғындардың наразылығында шек жоқ. Қарағандының тап іргесіндегі екі бірдей ықшамаудан халқының дірдектеп отыруына жылу құбырында болған апат себеп көрінеді. Шенеуніктер апатты алдын ала болжайтын «көріпкелдігіміз жоқ» деп,өздеріне шаң жуытпай отыр.
Андрей Ляпунов, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС директоры:
- Осы екі ауданға жылу беретін ең негізгі құбыр жарылған. Қазір қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталды. Тұрғын үйлерге біртіндеп жылу беріле бастады. Енді ешқандай проблема болмауы тиіс.
Басты жылу таратушы мекеменің басшысы «ешқандай проблема болмайды» дегенімен, халық бұған сенбейді. Себебі:өңірде алғашқы қар жауып, аяз тұрғанда монополист мекеменің жылыту маусымына қаншалықты дайын болғаны «көрініп қалды» дейді. Қыстың әлі қаһарына міне қоймағанын ескерсек, мұндай тосын апаттардың қайталанбасына ешкім де кепілдік бере алмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!