Парламент Мәжілісіне тағы да тықыр таянды
Автор: Ғабит Ұзақбай
09.11.2011
Парламент Мәжілісіне тағы да тықыр таянды. Кешелі бері «Мәжіліс тарайды екен» деген әңгіменің гуілі басылмай тұр. Президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев палатаның мерзімінен бұрын тарауы мүмкін деген кезекті мәлімдемесін тағы да жариялады. Ал Мәжіліс депутаттарының пікірлері әртүрлі.
Тито Сыздықов,Мәжіліс депутаты:
- Президент кеңесшісінің құқы жоқ қой, бір өзі шешуге,қашан болатынын, қалай болатынын... Бұл Парламенттің, партияның отырысында шешілетін мәселе. Сондықтан болжам, бола ма, болмай мА, білмеймін, мен жұлдызшы емеспін.
Ирак Елекеев, Мәжіліс депутаты:
- Ешқандай ақпарат естіген жоқпын, білмеймін, бәрін сұрайтын сендерсіңдер, басқа ешкім емес, соған қарағанда, сендерге тапсырма берген шығар....(күледі)
Дегенмен бұдан кейін депутаттардың біразы журналистермен болған әңгімеде Палатаның таралуы туралы мәселенің таяу күндері Елбасыға жеткізілетінін айтты. Мәжілістің бүгінгі отырысы кезінде де депутаттар атынан жолданған сауалдар көп болған жоқ, қаралған заңдарға да ұзақ уақыт кетпеді. Дәлізде кездескен депутаттар да «палата тарауы мүмкін» деген ақпаратты суық қабылдап жатқан жоқ. Басым бөлігі «егер бастауыш партия солай шешсе, ел игілігі үшін болар, ондай жағдайға біз дайынбыз» дегенді айтуда. Заңға сәйкес, мемлекет басшысы Мәжілісті тарату жөніндегі шешімді екі палатаның төрағалары мен Премьер-министрмен ақылдасакеле қабылдай алады. Және ондай шешім қабылданған кезде кезектен тыс сайлау екі айдың төңірегінде өтуі тиіс. Айта кетейік, қазіргі төртінші шақырылым Мәжілісінің құзыры 2012 жылдың келесі сессиясына дейін жалғасуы керек-тін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!