Марқұм болған 11 жанның қаны кімнің мойнына жүктелетіні беймәлім
Автор: Нартай Аралбайұлы
09.11.2011
Жазықтылар жазасыз кетпесін! Екі жыл бұрын Алма-Арасан шатқалында болған жол апаты кезінде туған-туыстарын жоғалтқан жандардың талабы осы. Олардың айтуынша, 11 адамның өмірін әкеткен қайғылы жағдай үшін жауап беруі керек мырзалар әлі күнге дейін бостандықта жүр. Естеріңізде болса, 2009 жылы Алматы шетіндегі Алма-Арасан шатқалында жүк көлігі аялдамаға соғылып, 11 адам қаза тапқан еді.
Бұл екі жыл бұрынғы түсірілім. Апат шіліңгір шілденің кешінде орын алды. Жүйткіп келген жүк көлігі аялдамаға соғылып, 11 адам опат болған-ды. Наталья Шейкина сол қайғылы оқиға кезінде жалғыз баласынан айрылып, аңырап қалған. 18-ге енді толған бозбала апаттан санаулы күн бұрын Петербордың маңдайалды оқу ордасына оқуға түскен екен. Сол қуанышты атап өтеміз деп,тауға кетіпті.
Наталья Шейкина, қаза тапқан жігіттің анасы:
- Тіптен бір тиын да талап етпеймін. Жалақым бар, ол да өз басымнан артылып қалады. Қолымнан келетіні - баламның зиратын жинастырып, дұрыс қалпында сақтау. Әділдік барына сенбеймін!
Сенбейді,себебі:сенімге селкеу түсті. Евгений да еңіреп қалған, оның да ұлы опат болды. Жұбайы мәңгілік арбаға таңылып, мүгедектің мүшкіл күйін кешуде. Сол күні өзі де жүк көлігінің табанында таптала жаздаған, Құдай сақтады.
Евгений Анисимов, жәбірленуші:
- Көліктің қатты жылдамдықпен келе жатқанын көрдім, «мені соғып кетер»деп, аялдамаға тығылдым. Сол-ақ екен,аялдама опырылып құлады, астында қалдым. Есімнен танып жатқан жерімнен көпшілік көмектескен.
Көпшілік демекші, сол күні шатқалда қызық қуған қарашаның қарасы көп болыпты. Баз біреулер жүйткіген жүк көлігі аялдамаға «әдейі соғылды»дейді, өйткені төменде қара құрым халық мейрамдатып жатқан. Тергеу барысы көліктің тежегісі жұмыс істемегенін анықтап берді. Оған қоса рөлдегі Сағидолла Нәжмеденовтің жүрегі ауырады екен. Бастысын басқасын қоймай,жексенбіде жұмысқа жіберген компания айыппұлмен құтылды. 32мың 400 теңге төлеген. Марқұм Сағидолланың үстінен қозғалған қылмыстық іс биыл көктемде тоқтатылды, оның ақыретке аттанғанына байланысты. Алғашында көліктің ақауын көрсе де,шара қолданбаған бас механик «айыпты»деген болжам да айтылды. Бірақ ешкім тап басып, ештеңе дәлелденген жоқ. Сөйтсе, апаттан бұрын компания басшылығы көліктің техникалық жағдайына жүргізушілердің «өздері жауапты»деген бұйырық шығарыпты.
Нұрғазы Шакемов, Алматы облыстық ІІД Тергеу басқармасының бөлім бастығы:
- Жауапкершілігі шектелген серіктестіктің бастығының бұйрығымен әрбір үлкен автокөлік жүргізушілеріне автокөліктерді барлық техникалық ақауларын анықтау туралы бұйрық шыққан. Сол бұйрыққа бола, механик Төлегеновке қатысты қылмыстық іс қысқартылды.
Табаны күректей екі жылдан бері жылай-жылай, жанарының жасы суалған жандардың тоздырмаған табалдырығы жоқ. Прокуратура, министрліктер, тіпті Елбасыға дейін хат жолдаған. Бірақ жауап әлгіндегідей, бәрі де ақталды. Марқұм болған 11 жанның қаны енді кімнің мойнына жүктелетіні де беймәлім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!